$ 494.87  520.65  4.91

Атырауда үш күнде 200-ге жуық жасөспірім құқық бұзған

Осыған байланысты 211 ересек тұлға жауапкершілікке тартылды

Атырау облысында үш күнде 194 жасөспірім әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл дерек 14-16 шілде аралығында өткізілген «Каникул» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. 

«Бұл іс-шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмысты болдырмау, алдын алу. Сол себептен, іс-шара кезінде кәмелетке толмағандар жиі жиналатын жертөле, саяжай,өзен, көл жағалауы, вокзал, сауда нүктелері жсекілді орындар тексерілді. Ішкі істер органдарына әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кәмелетке толмаған 194 жасөспірім әкелінді. Жасөспірімдер тарапынан жасалған 211 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Осыған байланысты 211 ересек тұлға жауапкершілікке тартылды», -дейді жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция подполковнигі Орынгүл Көшқалиева.

Оның айтуынша, ішкі істер органдарының профилактикалық есебіне бес, тізімдік есепке төрт кәмелетке толмаған жасөспірім, бір қолайсыз отбасы қойылған. 

«Жазғы демалыс кезінде жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бірнеше мәселеге назар аудару қажет. Жұртшылықты әсіресе, суға кету, жол-көлік, өрт оқиғалары салдарынан түрлі дене жарақатын алу, көп қабатты үйлердің терезесінен құлау деректері алаңдатып отыр. Бұралқы ит те жасөспірімдердің қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіде, адамдар көп шоғырланатын орындарда, оның ішінде қоғамдық көлік аялдамаларында, орталық базарларда, халыққа қызмет көрсету орталығында фото-хабарландырулар ілініп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді» -дейді Орынгүл Көшқалиева.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары