Қызылорда облысында рейд барысында киікті атқандар ұсталды. Бұл туралы Қызылорда облыстық табиғи ресурстар басқармасы мәлімдеді деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Басқармаға қарасты Қызылорда облыстық жануарлар дүниесін мемлекеттік қорғау жөніндегі мамандандырылған мекемесінің мамандары «Охотзоопром ӨБ» РМКҚ қызметкерлерімен бірлесіп рейд жүргізді.
Рейд барысында табиғат сақшылары Жалағаш ауданына қарасты Жырық атты скважинасы маңында «Toyota Land Cruiser 100» автокөлігі күдік тудырып, қырағы мамандар көзіне іліккен. Алайда ізін суытпақ болған белгісіз адамдардың Жалағаш ауданындағы Қызылшын деп аталатын жерде көлігі өртенгендігі белгілі болды. Сол жерден барлығы 17 бас ақбөкеннің өлексесі және 54 дана мүйізі табылып, айғақ зат ретінде алынды.
«Бірлескен іс-қимылдардың нәтижесінде Жалағаш аудандық полиция бөлімімен бірлесіп, сол маңды қарау барысында Шақшақ деп аталатын мал ауылынан күдік келтірілген Қызылорда қаласының тұрғыны анықталды. Қазіргі таңда орын алған оқиға бойынша мән-жайды қарап, шара қолдану үшін құжаттар мен айғақ заттар Жалағаш аудандық полиция бөліміне өткізілді», – делінген хабарламада.