Атырау облысы әкімінің екі орынбасарының лауазымы қысқартылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдері аппараттарында мемлекеттік қызметшілерді оңтайландыру туралы тапсырманы орындау мақсатында Атырау облысы әкімі орынбасарларының саны екі адамға қысқарды.
“Атырау облысы әкімі орынбасары штаттық бірлігі қайта қаралды. Осыған байланысты әкімнің орынбасарлары Серік Айдарбеков пен Нариман Таушовтың штаттық лауазымы қысқартылды”, -деп мәлім етті облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін Атырау облысы әкімінің бес орынбасары болды. Қазір үш орынбасар қалды. Әкім орынбасарларының бірі Бақытгүл Хаменова былтырғы желтоқсаннан бері қамауда отыр. Оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тергелді.