25.07.2022, 11:20

«Жастар өз-өзіне қол жұмсап жатыр»: Бейнеуліктер Лото клубын жабуды талап етті

Біз Бейнеу ауданының бір топ жастары, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып отырған Лото клубының жабылуын талап етеміз! Жабылсын!

Бейнеу жастары үндеуін президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа және Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевқа жолдады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бейнеу жастарының талабын әлеуметтік желіде Әсет Сүлейменов атты азамат жариялады.

«Бейнеу селосы Сұлтан Бейбарыс көшесінде орналасқан Лото клубының ойын автоматтары арқылы заңсыз бизнесін ұйымдастырып, ауыл тұрғындарының құмар ойындарға қызықтырып, көптеген отбасыны қарызға белшеден батыруда. Осындай құмар ойындардың салдарынан ел ішінде жас отбасылардың айырылысуы, өз-өздеріне қол жұмсау және тағы да басқа қылмыстар орын алып жатыр. Осылардың алдын алу үшін Бейнеу ауданының ішкі істер бөліміне Лото клубы арқылы біреулер заңсыз кәсіппен айналысып жатқаны туралы видеодәлелдер тапсырылды. Алайда осы күнге дейін құзырлы органдардан ешқандай шешім алған жоқпыз», - дейді үндеуді видео арқылы оқыған жастар.

Бейнеу жастары бас прокуратураға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне және ішкі істер министрлігіне де өтініш жолдаған. Алайда құзырлы мекемелерден ешқандай жауап келмеген.

«Біз Бейнеу ауданының бір топ жастары, заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып отырған Лото клубының жабылуын талап етеміз! Жабылсын!» - дейді жастар.

Айта кетсек, Бейнеудегі дәл осы ойын клубын бірнеше ай бұрын құмар ойындарға берілген бір жігіт өртеп жіберген болатын. Өртенген клубтың видеосы әлеуметтік желіде сол тұста көп таралып кеткен. Алайда өртенгеніне қарамастан клуб қайтадан ашылған.