Бұл мәліметті «Демпартия» белсендісі Абзал Достияров өз facebook парақшасына жариялады деп хабарлайды kznews.kz тілшісі:
«Шұғыл!!! Дәурен Достиярды азаптаған полициялардың бірінің аты-жөні,бет-бейнесі белгілі болды!
Мына адамның аты-жөні Аян Елеубеков.
Осыдан тура 1 жыл бұрын Алматы Полиция Департаментінің астындағы Уақытшы ұстау изоляторында қамауда отырдым, мына Аян Елеубеков деген кезекші бөлім бастығы сол мен қамауда отырған 20 тәулік ішінде 4 рет маған соқтықты.
Бірінші рет мені ұрып-соғып апарғанда осы қабылдап алды, мен Елеубековке 4-ші ауруханадан берілген миымның шайқалғаны туралы қағазды көрсетіп және дәрігер жазып берген дәрілерді сұрадым, сол кезде ол менің ауырып тұрғаныма, киімдерімнің жыртылып, қан болып тұрғанына қарамастан: «Достияров, сен сағатқа қарасай, түнгі сағат 00:00-де мен саған қайдан дәрі тауып берем», - деп мазақ қылғандай күлді. Әйеліме қоңырау шалып қайда екенімді ескертейін деген өтінішіме де кекесінмен жауап беріп орындамады, кейін білсем ол жерде тәулік бойы жұмыс істейтін медбике де, дәрі де бар екен.
Екінші рет мен аштық жариялаған 8 күн ішінде менің камераластарыма: «Абзалға жандарың ашыған болып тамақ беріңдер,біз түсіріп алайық», - деп үгіттеген, бірақ камералас жігіттер маған айтып келді. Ал үшінші рет 25-ші шілде күні таңертең ауысым кезінде менің төсегімдегі қағаздардарды ақтарып, өздері кіргізген менің үйімнен келген ыдыстарды алып кетіп, одан соң төбелесейік деп мені арандатпақ болды. Дәл сол күні үйден сағат 12:00-де жұбайым әкелген ыстық тамақты сағат 15:00-ге дейін маған бермей мен: «Бүгін үйден тамақ келген жоқ па?»,-деп кезекші арқылы сұраған соң ғана мені шақырып алып, басқа қызметкерлердің көзінше: «Менімен төбелеспесең тамақ бермеймін»,-деп қоқан-лоққы жасаған болатын, кейін сағат 15:40 шамасында тамақты бергенімен жұбайымның жазған хатын бермей қойған, сол күні кешке жедел-жәрдем келіп менің денсаулығымды тексеріп отырғанда ғана жүгіріп келіп хатты қолыма ұстатып кетті.
Келесі күні адвокат Жанара Балгабаева келгенде болған жайтты айтып арыз жазып бердім, кезекші прокурорда, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері де арызым бойынша тергеу жүргізбеді, керісінше, осы Аян Елеубеков мені тағы да шақырып алып, қамауға алынғандарды шешіндіріп тексеретін бейнекамерасы жоқ бөлмеге кіргізіп: «Абзал сен арызданыпсың ғой, енді шаруаң бітті, воляға (еркіндікке) шыққаннан кейін тауып аламыз»,-деп қорқытпақ болды.
Бұл жағдайлардың бәрін Изолятор басшысы, подполковник Дархан Мұхитқа айтқанымда ол ешқандай шара қолданбады, адвокатыма айтқызбауға тырысты.
Міне, ағайын,бір жыл бойы суретін таппай жүр едім, енді кеше «Қаңтар қырғыны» кезінде азаптаудан қайтыс болғандарға қатысты 11 полиция қызметкерлері тергеуге алыныпты, солардың ішінде кезекші бөлім бастығы, кеудесіне нан піскен Аян Елеубеков бар. Менің інім Дәурен Достиярды 6-шы қаңтар күні Жетісу аудандық полиция басқармасынан сол Изоляторға алып барғанда бірінші болып ұрған да осы Елеубеков және Дәурен жатқан камераға келіп оның камераластарына: «Сендер мына Достияров үшін таяқ жеп отырсыңдар, осы провокатор, бұл сендер сияқты таяқ жеген жоқ, аямаңдар бұны», -деп айдап салған да осы Елеубеков деген сұмырай!
Ал енді тергеудің қаншалықты әділ өтетінін көреміз, бұлар «сүттен ақ,судан тазамыз» -деп журналистерден араша сұрапты, ал қаншама азапталғандардың мұң-зарын көрсетпейтін «КТК» телеарнасы полицейлердің үніне құлақ асып, арнайы сюжет жасапты, сілтемесі бірінші пікірде», деп жазды ол.