$ 449.58  486.94  4.86

Денис Теннің сценарийімен түсірілген фильм жарық көрді

Фильмнің жалпы ұзақтығы – 33 минут. Түсірілім тобы Денистің бастапқы сценарийін барынша өзгеріссіз қалдыруға тырысқан.
Фото: ашықдереккөзден
Фото: ашықдереккөзден

Танымал мәнерлеп сырғанаушы болған Денис Теннің сценарийімен түсірілген «Соқыр махаббат» фильмі кинотеатрларда көрсетіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиғадан бір ай бұрын, 2018 жылдың маусымында Денис Тен фильм сценарийін Screenlife Contest байқауына жолдаған және финалистер қатарынан көрінген.

Түсірілім жұмыстары с портшы өлімінен кейін 2019 жылы басталған. Оған Венеция кинофестивалінің жеңімпазы Чак Че режиссерлік етсе, танымал режиссер Тимур Бекмамбетов пен Денистің анасы Оксана Тен бас продюсер болды.

Елордадағы тұсаукесерге Денис Теннің анасы, достары, танымал актерлер және ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері келді.

Сонымен бірге, Нұр-Сұлтандағы зағиптар қауымдастығы үшін арнайы кинозал әзірленді, онда фильмнің аудиодискрипциясы қатар жүргізілді. Өйткені, фильм желісі зағип жігіт пен керең және мылқау бойжеткен арасында өрбиді. Жаңа технологиялар мүмкіндігі шектеулі жандардың бір-бірін түсінісуіне көмектеседі.

Фильмнің жалпы ұзақтығы – 33 минут, түсірілім тобы Денистің бастапқы сценарийін барынша өзгеріссіз қалдыруға тырысқан. Бұл туындының қалай түсірілгені туралы Қанат Бейсекеевтің «Фильм туралы фильмі» қоса көрсетіледі. Деректі фильмде Денистің ағылшын тілінде жазған өлең шумақтары, әндері кинокартинада көрсетілетіні айтылған.

«Біз сұхбат құру үшін цифрлық хабарламалар, эмодзилер және басқаларын пайдаланатын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл идея өзіме де қызық болды. Мен қатты қобалжып жүрмін, өйткені бұл жай ғана қысқаметражды фильм емес. Бұл Денистен қалған аманат, біз жақсы көретін және құрметтейтін адамның бастамасы. Бұл бастаманы бұзғымыз келмейді немесе бостан-бос өткізіп алғымыз келмейді. Мұнда мен мінсіз фильм жасағым келеді, оның өзі, айналасындағы жақындары күткеннен де жақсы туынды ұсынғым келді. Фильмде Денистің жанкүйерлеріне ұнайтын керемет сәттер бар, көптеген тосынсыйлар жасырылған. Тіпті Денис туралы естімеген шетелдіктер де осы фильм арқылы айтқымыз келген құндылықтарды түсінер еді», - деді фильм режиссері Чак Че.

Сонымен бірге, спортшының жақын досы Игорь Цай фильмнің атқарушы продюсері болды.

«Біз Лос-Анджелесте кездестік, мен жаңа кино жобасымен жұмыс істеп жүрдім, ал Денис жаттығуға келетін. Сонда Дениске сценарий жазып, Screenlife Contest байқауына қатысуды ұсынған едім. Мұны ұмытып та кетіппін, үш айдан кейін Денистің сценарийі финалға өткенін және Мәскеуде өз идеясын қорғайтынын естідім. Мен оның әңгіме, ән жазатынын білетінмін, сценарий де жаза алатынына сенімді болдым. Өйткені, ол мұз айдынында өз тәнімен, биімен хикая баяндайтын сторителлер еді», - деді И. Цай.

Тұсаукесерге танымал актриса Әлия Телебарисова да келді және Денистің қандай жарқын және шынайы адам болғанын айтып берді.

«Барлығы Денисті шексіз жақсы көретін, өйткені оның жан жылуы, күш-жігері мол еді. Бұл фильмде Денис адамдарға махаббаттың не екенін айтып үлгерді деп ойлаймын. Адамның тәнінде кінәрат болса да, махаббаттың еш шекарасы жоқ, ол бәріне бірдей. Менің білуімше, бүгін фильмге Зағиптар қоғамының мүшелері келді, оларға экраннан тыс қосымша түсіндірме жасалады. Көрермендер осы фильмде Денис айтқысы келген ойды толықтай сезіне алады деп ойлаймын. Біз Денисті әрдайым есте сақтаймыз және сүйеміз, бағалаймыз. Ол бәріміз үшін нағыз батыр. Ол ешқашан ұмытылмайды және бұл фильм оған дәлел», - дейді актриса.

Фильм аяқталғаннан кейін Денис Теннің досы және продюсер Игорь Цай спортшы атындағы қордың әлі де талай жобаны жүзеге асыратынын айтты.

«Мини Денис» атты жоба бар. Бұл Денис Тен жасаған анимациялық кейіпкер, оның Instagram -да өз парақшасы бар.

Қазір бұл жобаны жандандырып, анимациялық серия немесе фильм немесе музыкалық клип жасау туралы ойлап отырмыз. Жартылай әзірленген екінші жобамыз – музыкалық альбом. Денис көп уақыт музыкамен айналысып, ән айтқан. Сондықтан әзірге екі синглы альбомды барлық музыкалық платформаларда тыңдай аласыздар. Жақында осы фильмдегі барлық тректер де қолжетімді болады», - деді продюсер.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#фильм