29.07.2022, 18:00

Шахмат олимпиадасының ашылуына Қазақстан неге тусыз барды – федерация жауап берді

Бұдан бұрын қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова салтанатты шараға Қазақстан командасының тусыз шыққанын сынға алды.

Үндістанда басталған 44-ші дүниежүзілік шахмат олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан туы неліктен болмады? Бұл сауалға ҚР шахмат федерациясының баспасөз қызметі түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

«Бұған дейінгі олимпиадаларда спортшылардың шеруі болған жоқ. Әдетте, мемлекеттік ту олимпиаданың жабылу салтанатында жеңімпаздарды марапаттау сәтінде қажет. Биыл ұйымдастырушылар ту алып шығуды ұйғарған, бірақ делегацияны тиісті деңгейде хабардар етпеді», - дейді федерация өкілдері.

ҚР шахмат федерациясы доданың ашылу салтанатында Қазақстаннан басқа да елдердің тусыз шыққанын атап өтті.

«Олимпиадаға қатысушы елдердің жартысынан көбіне мемлекеттік ту туралы ескертілмеген. Ал, кейбір мемлекет өкілдері шеруге мүлдем қатыспады», – делінген хабарламада.

Айта кетсек, 44-ші дүниежүзілік шахмат олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстан Республикасын халықаралық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік және халықаралық шебер Арыстанбек Оразаев таныстырды.

Бұдан бұрын қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Таңжарықова салтанатты шараға Қазақстан командасының тусыз шыққанын сынға алды.