30.07.2022, 11:20

«170 жол апаты болды»: Алматыда автобус жүргізушілері жүргізу куәлігінсіз жолаушы тасымалдап келген

Фото: ашықдереккөзден
Автобус жүргізуге категориясы сай келмейтін жүргізушілер 3-4 жыл бойы жолаушы тасымалдаумен айналысып жүрген.

Алматыда көлік жүргізу куәлігінсіз немесе ірі автобустарды тізгіндеу құқығы жоқ жүргізушілер жолаушы тасымалдап келген, деп хабарлайды Хабар 24. 

Телеарнаның хабарлауынша, адам тасымалындағы салғырттық салдарынан және қоғамдық көлік жүргізушілерінің кінәсінен болатын қайғылы жағдай жиілеп барады. Белгілі болғандай, жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің қателігінен болған жол-көлік оқиғаларынан 3 адам қаза тапқан. Қаладағы Мамыр және Жұлдыз ықшам ауданы арасын байланыстыратын №85 автобустың жүргізушісі жарты жалдан бері көлік жүргізу куәлігінсіз жолаушы тасымалдаған. Айтуынша, ақпанда жол жүру ережесін бұзғаны үшін куәлігі тәркіленген. Полицейлер автобус жүргізуге категориясы сай келмейтін жүргізушілердің 3-4 жыл бойы жолаушы тасымалдаумен айналысып жүргенін анықтаған.

Патрульдік полиция тағы екі автобусты тоқтатып, жүргізушілерге 62 мың теңгеден айыппұл салды. Қос жүргізушінің куәлігі болғанымен ірі автобус тізгіндеуге арнаулы санаты болмаған. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері автобус жүргізушілерінің кінәсінен 170 жол апаты болып, салдарынан 3 адам қаза тауып, 177 адам жарақат алған. 

Сондай-ақ қоғамдық көліктегі жолаушылардың құлауы жиілеген. 2021 жылы автобус ішінде 328 жолаушы құлап, зардап шеккен. "Қауіпсіз жол" шарасы басталған 10 күнде қаладағы барлық көлік түрлері бойынша 17 мың құқық бұзушылық анықталған.

"590-баптың 3-тармағы бойынша 60 мың көлемінде айыппұл салынып жатыр. Бұлардың мемлекеттік номері шешіліп, көлік айыппұл тұрағына қаңтарылады. Яғни әрі қарай мұны пайдалануға рұқсат берілмейді. Автопарктердің басшыларына өздеріне жекеше бұны көшеге жібергені үшін оларға бөлек айыппұл қарастырылған. Алматы қаласында 21 автокәсіпорын жұмыс істейді, олардың балансында 2200-ден астам автобус пен 160 троллейбус бар. Автопарк жүргізушілерге бақылау жүргізбейді, жүргізуші куәлігінің бар-жоғын тексермейді. Салғырттың салдарынан адам өміріне қауіп төнеді", - дейді телеарнаға берген сұхбатында қалалық ПД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Болатбек Баятанов.