2020 жылы пандемия келгенде әлем елдерімен қатар еліміздің де денсаулық сақтау саласы тосырқап қалғаны рас. Дегенмен сала уағында ес жиып үлгерді. Оң үрдіске 2021-2025 жылдарға арналған «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында көрсетілген санитариялық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру мен биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша істелген жұмыстар әсер еткені анық. Сол арқылы Қазақстан медицинасы алдағы уақыттарда болуы мүмкін пандемияларға тас түйін дайын отыратын жағдайға жетті, деп жазады arasha.kz.
Елдің екпе алуы қарқынды жүрді
Денсаулық сақтау жүйесі коронавирус пандемиясына байланысты туындаған сын-қатерлерге үшінші жыл қарсы тұрып келеді. Бұл тұста халықтың вакцина алу жайы өте маңызды. Республикада індетке қарсы екпе егу жұмысы әлі жалғасуда. Бұған денсаулық сақтау жүйесінің барлық ресурстары жұмылдырылғаны мәлім. Мәселен, 2021 жылы эпидемияға қарсы іс-шараларға 49 705, резервке 9 100 медицина қызметкері жұмылдырылған. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша біліктілікті арттыру бойынша 11,8 мың маман тартылған. Өңірлерге 4 641 жас маман бөлініп, 247 мың медицина қызметкерінің жалақысы өсті. Дәрігерлердің табысы 30 пайызға, орта медицина қызметкерлерінің айлығы 20 пайызға өсті. Халыққа медициналық қызмет көрсетуді жақсарту үшін мобильді медицина енгізілді. Былтыр жылжымалы медицина кешендерінің күшімен 2,6 млн адам ем алған. Мұның бәрі ұлттық жобада міндеттелген жұмыстардың ақырындап іске асып жатқанының көрінісі.
Сондай-ақ, елімізде диагностикалық зерттеулер де алға басты. Мысалы, зертханалық және диагностикалық зерттеулерге жолдамалар тағайындау 3,5 есе, үйге шақыруларға қызмет көрсетуді рәсімдеу және зертханалық зерттеулер нәтижелерін алу 5 есе жылдамдатылды. Осының арқасында науқастар уақытында ем алып, дерттен жылдам айыға алады.
Мемлекет басшысы 2021 жылы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тіркеген вакциналарды сатып алуды жеделдету қажеттігін атап өтіп, биоқауіпсіздікті болжаудың ұлттық жүйесін құруға, санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сәйкес келетін жоғары технологиялы жабдықпен қамтамасыз етуге тапсырма берген болатын. Бұл тұста медицина қызметкерлерін қолдауға да көңіл бөлінді.
Дәрігерлерге қаржылық қолдау көрсету 2020 жылдың наурыз айынан бастап үш топ бойынша коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупі үшін төленетін үстемеақылар түрінде төленгені есімізде: I топ – 850 мың теңге; II топ – 425 мың теңге; III топ – 212,5 мың теңге алды. Ал былтыр маусымға дейін осы мақсаттарға шамамен 229 млрд теңге бағытталды. 2021 жылдың ақпан айынан бастап дәрігерлерді басым түрде вакциналаудың арқасында (100 пайызға жуығы екпе алған) олардың арасындағы ауру қаупі төмендеді. Халықтың басым бөлігі екпе алғанының нәтижесінде науқастар саны да азайды. Биыл шілде айындағы мәлімет бойынша, Қазақстанда вакцинаның 1-компонентін 10,78 млн адам, толыққанды 2 компонентін 10,51 миллионнан астам азамат салдырған. Ревакцинация алған жандар да аз емес, 5 миллионға жуықтады. Міне, мұның бәрі «Дені сау ұлт» ұлттық жобасының арқасында медицина саласының ілгері басқанының жемісі.
Алдын алғаның – ауруды ауыздықтағаның
Соңғы бір жыл көлемінде елімізде коронавирус қарқыны біршама бәсеңдеді дегенімізбен, әлемде әлі де зардабын тартып жатқан елдер бар. Әсіресе індеттің күрделенген бірнеше штамдары кәрі құрлық елдерінің мазасын қашырды. Our World in Data-ның дерегіне сенсек, 2022 жылы маусымда жер жүзінде COVID-19-ға шалдыққандар 542 млн-нан асқан. Ал қайтыс болғандар 6,33 млн-ға жетті. Мамандар коронавирустың қайта ушығуын жаңа BA.4 және BA.5 нұсқаларының таралуымен байланыстырады. Соның әсері ме, биыл маусым айының соңынан бастап Қазақстанда да індет қарқыны өсе бастады. Бірақ медицина саласының жауаптылары дереу іске көшкенін аңғардық.
Әуелі Денсаулық сақтау министрлігі коронавирус инфекциясымен күресу үшін биыл 100 миллиард теңге бөлуді жоспарлады. Оның бәрі базаны жасақтауға жұмсалмақ. Одан соң бірді-екілі өңір ғана «сары» аймаққа енгеніне бейжай қарамай, шұғыл шаралар қабылдады. Аймақтардағы стационарларды қамдап, дәрігерлердің дайындығын сақадай сай етті. Алайда жауапкершілік тек бір тараптың мойнында емес. Мұндай кезеңде қоғам да өзінің қауіпсіздігіне ат үсті қарамағаны жөн. Осы тұста маңызды бір мәліметке назар аударсақ, дерт жұқтырған жандардың соңғы легінің 80 пайызы – вакцина алмағандар. Демек, жауаптылардың екпе мәселесін қайта күн тәртібіне шығарғаны – әзірліктің нышаны.
Қалай алсақ та, «Дені сау ұлт» ұлттық жобасында медицинаның эпидемиологиялық саласына ерекше ден қойылғаны қуантады. Соның арқасында Қазақстан түрлі індет кезеңінде халық қауіпсіздігі үшін алдын алу шараларын ерте қабылдап үлгереді. Өз кезегінде бұл істер қоғамның медицина саласына деген сенімін нығайтары даусыз.