Қырғыз жүк тасымалдаушылары Қазақстанмен шекарадағы бақылаушы органдардың әрекетіне қарсы ЕАЭО (Еуразиялық экономикалық одақ) сотына шағым түсірмек, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Kaktus.media сайтына сілтеме жасап.
Жүк көлігі жүргізушілерінің тәуелсіз кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Игорь Голубевтің айтуынша, бұған дейін Қырғызстаннан келген көліктерді ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері ұстаған болса, қазір ҚР Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері де қосылған.
«Олар да Мемлекеттік кірістер комитетінің бөлімшелеріндегі шекара бекеттерінде тұр. Бұл қызметкерлер көліктерді ұстау туралы ешқандай құжат ұсынбайды, ұстау себебін айтпайды. Ал біздің мемлекеттік органдарға да көліктеріміздің ұсталу себебі туралы ешқандай түсініктеме берілмейді. Қырғызстанда жасалған тоқыма бұйымдары бар көліктер ұсталуда», - деді ол.
Голубев экономикалық одаққа мүше мемлекеттер сауда жағынан келісілген шарттарды елемейтініне наразы.
«Сол сияқты ЕАЭО-ның тауарлардың еркін қозғалысы туралы қағидаты сақталмайды. ЕАЭО-ға кедергілерді анықтау мақсатында ЕЭК қызметкерлерімен де жергілікте тексеру жүргізілді, шекарадағы осы заңсыздықтардың барлығы тіркелді, бірақ еш нәтиже жоқ. Заңсыздық әлі күнге дейін жалғасуда, одан халық зардап шегіп, отандық өндірушілер мен экспорттаушылар көп шығынға ұшырап жатыр. Келісім-шарттар бұзылды. Біз бұған шыдай алмаймыз: бұл озбырлық үшін ЕАЭО-ны сотқа беру туралы шешім қабылданды. Қазір бұл мәселе бойынша кеңесіп, барлық қажетті құжаттарды жедел түрде дайындап жатырмыз», - деді ол.