$ 494.87  520.65  4.91

«Рөлде 17 жастағы жасөспірім отырған»: Қарағандыда сегіз адамның өлімі тіркелген жол апатының себебі айтылды

Жасөспірім 200 шақырым жол жүрген соң жолдың қарсы бетіне шығып, жүк көлігіне соғылған.

16 шілдеде Қарағанды облысында жүк көлігі мен 17 адам болған микроавтобус соқтығысып, 8 адам қаза тапқан еді. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, минивеннің рөлінде 17 жастағы жасөспірім отырған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Апат түнгі 03:20-да Қарағанды облысы Шет ауданында болған. "Алматы-Екатеринбург" тас жолында "MAN” жүкі көлігі мен "Mercedes Sprinter" микроавтобусы соғылған. Минивен салонында 17 адам болған. 

7 адам оқиға орнында жан тапсырса, тағы бір адам ауруханаға барар жолда қаза тапты. Түрлі дене жарақаттарымен 9 адам ауруханаға жеткізілген. 

"Себебі неде? Біздің көлік жүргізушілері жұмыс уақытын сақтамайды. Бұл жүргізуші Алматыдан Нұр-Сұлтанға бара жатқан. Балқашқа дейін айтарлықтай қашықты жүрген соң рөлге кәмелетке толмаған жасөспірімді отырғызған. Жасөспірім 200 шақырым жол жүрген соң жолдың қарсы бетіне шығып, жүк көлігіне соғылған", – деді Қарағанды облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманғали Исмағұлов. 

Апат салдарынан жүргізуші мен кәмелетке толмаған жасөспірім де ажал құшты. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары