Қоғам белсендісі, тәуелсіз журналист Жеңіс Құспан өзінің Facebook-тегі парақшасында EХРО-2017 көрмесіне жұмсалған қаражатқа қатысты ойын білдірген жазға қалдырды, деп жазады Skifnews.kz.
«Немеремнің бақшасы Ұлы Дала көшесінде. Күнде EХРО-17-де салынған ғимараттардың, әдемі тұрғын үйлердің қасынан өтемін. Оларды көрген сайын осы ой мені мазалайды да тұрады. Жарты триллионның үстінде - сарапшыларының есебінше, көрменің дайындығы мен өткізуіне 565,1 млрд теңге жұмсалған. Аз қаражат емес.
Қаржы министрлігінің мәліметін зерттеген сарапшылар «EXPO 2017 көрмесіне республикалық бюджеттен: 2013 жылы - 20,3 миллиард 2014 жылы - 46,1 миллиард 2015 жылы - 154,2 миллиард 2016 жылы - 267,2 миллиард 2017 жылы - 77,3 миллиард теңге бөлінді», - дейді.
Бұл – инвестиция. Ол, сол кездегі ел басшыларының айтуынша, қайтарымды болуы керек-ті. Қайтып жатыр ма? Ол туралы қазір ешкім жақ ашпайды. Неге? Мұның ішінде әдәуір қаражаттың Ұлттық Қордан шыққанын ескерсек, ішің ашиды. Мысалы, кейбір ақпарат құралдарының есебінше, тек ЭКСПО-2017 қонақтарына арналған тұрғын-жай мен сауда орталығын салуға 2014 - 2016 жылдары үш траншпен 76,1 миллиард теңге зу еткен ғой», - деп жазады ол.
Автор сол қаражатты бөлген «Бәйтерек» ұлттық холдингі 2019 жылы ЭКСПО-қалашық салуға кеткен қаражаттың 10 пайызы ғана қайтты деп есеп бергенін айта келе, қазір жағдайдың күрделі өзгергеніне күмәні бар екенін де жасырмайды.
«Қандай беймарал халықпыз деймін де! Уақыт өткен сайын бұл ақшаны инфляция жеп жатыр, ал біз асықпай шәй ішіп, той-тойлап, ресторандатып жүрміз. 565,1 миллиард теңге туралы жазған сарапшылар оның құнын АҚШ долларымен 2,1 миллиард деп есептеген. Бүгінгі доллар-теңге бағамымен алсақ – небары 1,1 млрд. Яғни, 1 млрд – қараптан-қарап құмға сіңіп, жоқ болды деген сөз! Олай болса бұл қаражат қазынаға қайта ма? Өсімін айтпағанда алғанның өзін инфляция ту-талақай қылмай ма? Үкімет те бұл инвестицияның қайтарылу мерзімі туралы үндемепті. «Бәйтерек» холдингі ғана Ұлттық қордың қарызын 2034-те бастап қайтаратынын хабарлаған. Жылдық 0,15% пайызымен есептегенде 39,9 млрд теңге өсімімен 2036 жылы 41 млрд теңге болады екен. Қандай дарқандық?! Халыққа сол қаражатты ең болмағанда 5-7 пайызбен берсе, 10 жылда Үкімет 2 еседей пайда көреді екен», - дейді Жеңіс Құспан.
Журналист эксперт-мамандардың бұл - 565,1 млрд теңге қаражатты ЭКСПО-17 жобасына кеткен шығынның шағын бір бөлігі ретінде қарау керек дегенін алға тартады. Себебі жеке құрылыс компанияларына, жер бөлгендегі, оған инфраструктура тартқандағы берілген жеңілдіктер де – мемлекеттік шығындар санатын жатады. Сондықтан мұның бәрін көрмеге кеткен шығынды ғана емес, оның ақталуын есептегенде де ескеру керек.
«Бұл туралы есептемек түгілі, масқарасы сол, ЭКСПО-17 аяқталғалы бес жыл өтсе де, кешеге дейін Ұлттық Қордың қалтасына қол салып келіпті. Осыдан тура бір жыл бұрын жарияланған ақпарат бойынша, «QazExpoCongress» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы көрмеден қалған 14 нысанның қызметіне Ұлттық қордан қырауар қаражат алған. Ақпаратты жариялаған Есеп комитеті бұның «Ұлттық Қордың қаражатын жарату принциптеріне сай келмейтінін» ескертіпті. Мен тек ЭКСПО-ны айтып отырмын. Универсиада, Азиаданы есептесек, ескерусіз шығын шаш етектен. Бір ғана мысал, Азиадаға деп басталған Шортандыдағы шаңғы трамплині. 2005-ші жылы басталып 2008-де бітеді деп жоспарланған жобаның бастапқы құны 9,346 миллиард теңге екен. Қызығы, «сақалды құрылыс» құны 2009 жылы 15,244 млрд теңгеге өсіпті. Ал 2016 жылғы қыркүйекте бюджеттік комиссия жоба құнын 38 миллиард 531 миллион теңгеге жеткізген. Мәжіліс депутаты Дания Еспаеваның есебінше, бұл қаржыға сол кездегі бағамен 30 жаңа мектеп салуға болады екен. Ол шаңғы базасының қазір қандай қаражат есебінен күн көріп жатқаны белгісіз. Тағы да Ұлттық Қор қоржынынан болса таң қалмаймын», - дейді ол.
Автор екінші жазбасында жуырда әйелін өлтіріп, өзіне қол салған атыраулық жігіттің тұратын жерінен фото жүктеп, Ескі Қазақстанда ондаған жылдар бойы жастарға пәтер алуға қолжетімді ипотека береміз деп үкіметті де, халықты да алдап, дағдарыс кезінде «біз құрдымға кетсек, елдің экономикасы құлайды деп, ойбайлап» қазынаның миллиардтарын есепсіз қылғытқан екінші деңгейдегі банктерге кеткен қаражат қайда деп сауал тастайды. Журналист жазбасында мәселенің қалай басталғанына тоқталған. Е2 – Е4. ОЙЫН ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ
«2012 жылы Ұлттық Банк жанынан «Проблемалық кредиттер қоры» АҚ (FPKR) құрылады. Басты мақсат – банк жүйесін қайтарымсыз «өлі» қарыздардан тазарту. 2017 жылы банк секторының қаржылық орнықтылығын күшейту мақсатында Ұлттық Банк жанынан және «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ (KFUS) құрылады. Мұның мақсаты – екінші деңгейдегі банктерге қаржылай көмек көрсетіп, ипотекалық займдарды «рефинансирование» жасайтын мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырау. Ал «Проблемалық кредиттер қоры» осы (2017) жылы АҚ Қаржы министрлігіне ауысқан. Қызықтың көкесі содан басталыпты. Осы екі қордың 2017-2019 жылдардағы есебін сараптаған қаржыгер-экономист Мұрат Темірханов банктерді қолдауға кеткен мемлекет шығынының көлемін көріп жағасын ұстап отыр (маманның сараптамасы қазақстандық БАҚ-та жарияланған). Оның пайымдауынша, ол көмек жария түрде берілмей, мемлекеттік бюджет, парламент пен қоғамның назарынан тыс қалған. Ал осы қыруар шығынның «тиімділігі» – сұрағы көп бөлек әңгіме!», - дейді ол.
СОНЫМЕН 4,8 ТРИЛЛИОН ТЕҢГЕ ҚАЙДА КЕТТІ?
«Екі қордың есебінен алынған ақпаратқа сенсек бұл банктерге мемлекеттік көмек ретінде берілген қаржы көлемі. Олар мынадай бағыттарға жұмсалған:
БТА Банк пен Казкоммерцбанктің проблемалы активтерін сатып алуға (FPKR) - 2,640 трлн теңге; Цеснабанкке (FPKR и KFUS) - 1,454 трлн теңге; RBK банкіне (через FPKR и KFUS) - 399 млрд теңге; АТФ, Евразиялық банкке және БанкЦентрКредитке (KFUS) - 310 млрд теңге.Яғни, 2017-2019 (FPKR және KFUS арқылы) бенктерге берілген мемлекеттік көмек көлемі – 4,803 триллион теңгені құрап отыр! Оның 2,093 триллионы, Мұрат Темірхановтың түсіндіруінде, мемлекеттік бюджет пен Ұлттық қор есебінен қаржыландырылса, 2,710 триллионын Ұлттық банк станогын қосып, ақшалай басып берген.
Е4 – Е8. ШАХ ЖӘНЕ МАТ
4,8 триллион теңге шынында да қырауар қаржы. Салыстыру үшін қаржыгер келтірген төмендегі мысалдарға назар аударайық: Қазақстан бюджетінің ең көп шығысы - зейнетақы. Мысалы, 2018 жылы ол 2 триллионға жетер-жетпес, немесе республикалық бюджеттің 21%-ын құраған. Ал тек 2017 жылы БТА Банк пен Казкоммерцтің проблемалы активтері 2,6 трлн теңгеге сатып алыныпты. Мұның 2,1 триллионы мемлекеттік бюджет есебінен. Оның ішінде 1,1 триллионы Ұлттық қордан алынса, 1 триллионы Ұлттық Банктің станогынан шыққан. Цеснабанкті «құтқару» бірнеше жылға созылыпты. 2017-нің аяғы, 2018-нің басында Ұлттық Банк қазақстандық 5 банкке 15 жылға жалпы сомасы 654 млрд теңге жеңілдетілген займ береді. Оның ішінде RBK – 244 млрд, Евразиялық – 150 млрд, Цеснабанк – 100 млрд, АТФбанк – 100 млрд, БЦК – 60 млрд.
Ұлттық Банк бұл қаражат олардың қаржылық орнықтылығын сақтап қалады деп ант-су ішкенмен, көп ұзамай Цеснабанк пен RBK-ның аяғы аспаннан келеді. Цеснабанктің салымшыларын құтқару мақсатында Ұлттық Банк оның проблемалық активтерін 2018 жылдың соңында 450 млрд теңгеге, 2019-дың басында және 604 млрд теңгеге (FPKR арқылы) сатып алады.
Бұған қоса сол 2019 жылдың басында 300 млрд теңгенің облигациялық займы беріледі. Қортындысында Цеснабанкке берілген мемлекеттік көмектің көлемі - 1,45 трлн теңге. Ал RBK банкіне 2 рет көмек көрсетілген. Алдымен проблемалы активтерін құтқару мақсатында 244 млрд теңге бөлінсе, келесіде Ұлттық Банк (KFUS арқылы) үкіметтің арнайы шешімімен RBK банкінің проблемалы активтерін сатып алуға тағы 156 млрд теңге пайызсыз облигациялық займ беріпті.
МЕМЛЕКЕТКЕ ТИІМСІЗ КӨМЕК КІМГЕ «ТИІМДІ»
Мұндай тиімсіз көмектің өзі ғана емес оның қортындысы да жаға ұстатады, депті сараптама жасаған қаржыгер-экономист Мұрат Темірханов. Мысалы, Казкоммерц-БТА банкін сату үшін үкімет оны проблемалық активтерінен тазартпақ болады. Ол үшін (FPKR) арқылы баланстық бағасымен (бухгалтериялық есептегі құны) 2,640 триллион теңгеге сатып алған. Сөйтсе, оның нарықтағы құны 268 млрд теңге немесе 10 есе арзан екен! Осылай үкіметті 2,372 триллионға «косякқа» тығып жіберген ғой. Цеснобанкпен де осындай жағдай.
2018-де 450 млрд теңгеге сатып алынған проблемалық активтердің нарықтағы құны небары 46 млрд теңге! Яғни тағы да 404 млрд теңгеге «отырғызып» кеткен! Бір қызығы, Казаком-БТА мен Цеснабанктің 2016, 2017 жылғы қаржылық есептерінде ондай несиелік шығындар көрсетілмеген, екі банктің де активтері сапалы, құнды, проблемалық активтері жоққа жақын. Сонда деймін де Ұлттық Банкке берілетін тұрақты есеп пен халықаралық аудиторлар бекіткен қаржылық есеп ЖАЛҒАН болғаны ма?», - дейді Ж.Құспан.
Автор, «осылайша, Ескі Қазақстанның есірген шығындары Жаңа Қазақстанның желкесін қия ма деп қорқамын», деп алаңдаушылық білдірген.