Иран Ислам революциясы Сақшылар корпусы Таулы Қарабақтағы жағдайдың шиеленісуі шеңберінде өз техникаларын Әзербайжан маңындағы шекараларға жылжыта бастағаны туралы желіде видео тарады. Видео ирандық Sepah Pasdaran Telegram-арнасында жарияланған деп хабарлайды Tengrinews.kz.
2022 жылы наурызда Ислам революциясы Сақшылар корпусы көрші мемлекеттер шекарасындағы өзгерістерге шыдамайтынын, сондықтан "Арменияға кез келген әскери басқыншылық Иран Қарулы күштерінің реакциясына тап болатынын" ескертті. Иран мен Әзербайжан шекарасының 400 шақырымы ортақ.
Әзербайжан шекарасына Иран әскери техникасын әкеліп жатқаны туралы ресми мәлімдеме таралған жоқ. Жарияланған видеода бронетранспортер тиелген жүк көлігі тасжолда кетіп бара жатқаны көрінеді.
3 тамызда Таулы Қарабақ басшысы Араик Арутюнян аймақтағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты ішінара әскери жұмылдыру жариялады. Әзербайжан әскері операция жүргізгенін хабарлады. Қарсыласу сызығының солтүстік-батыс бағытында ресейлік бітімгершілік контингентінің жауапкершілік аймағында әзербайжандық бөлімшелер гранатометтерді және соққы беретін ұшқышсыз ұшақтарды пайдаланды. Қорғаныс министрлігі мәліметінше, 14 армян әскери қызметкері жараланып, біреуі қаза тапқан.
Еуроодақ елдері Армения мен Әзербайжанды түйіспе сызығында қақтығысты тоқтатуға шақырды.