Ішкі істер министрлігі үш жылда екі мыңнан аса көліктің Қазақстанда заңсыз тіркелгенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта Өзіндік қауіпсіздік департаменті 7 өңірінде жақын шет елдерден әкелінген көлік құралдарын заңсыз есепке қою бойынша қылмыстық істерді тергеп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, соңғы үш жылда заңсыз тіркелген көліктер кесірінен мемлекетке 10 миллиард теңгеден астам залал келтірілген.
“Мысалы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ІІМ орталық аппаратының қызметкерлері Шымкент қаласындағы жақын шетелдерден кедендік төлемдерді, кәдеге жарату алымын және мемлекеттік бажды төлемей әкелінген көлік құралдарын заңсыз есепке қою схемасының жолын кесті. Шымкентте қазақстандық есепке заңсыз қойылған 53 автокөлік бойынша мемлекетке 320 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірілді”, – делінген хабарламада.
Қылмыстық топқа процессингтік орталық қызметкерлеріне жақын делдалдар, сондай-ақ ХҚКО-дағы "көмекшілер" деп аталатындар және жалған сенімхаттар жазып берген нотариустар кірген.