Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза болды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР ҰҰ "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес 5571 әскери бөлімінің 1 жедел мақсаттағы батальон жеке құрамы 2022 жылдың 8 мен 13 тамызы аралығында 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында далалық жаттығуда болған.
"2022 жылғы 9 тамызда сағат 20:55 шамасында қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған. Қатардағы А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп шатырдан соңғы болып шыққан кезде, шатырдың темір жақтауы басына тиіп жарақат алған.
Қатардағы А.Н. Шахимовқа жедел медициналық көмек көрсетіліп, санитарлық көлікпен Қонаев қаласындағы қалалық ауруханаға жеткізілген. Қалалық аурухана дәрігерлері сарбаздың қаза болғанын растайды. Қатардағы А.Н. Шахимов өзінің жанқиярлық әрекетімен жолдастарын құтқарып, өкінішке қарай өзі қатты соққыдан қаза болды", - делінген хабарламада.