10.08.2022, 21:00

Қазақстан неге Норвегия емес? Жоспар бойынша ұлттық қор қаржысы 180 млрд долларға жетуі тиіс еді

Фото: ашық дереккөз
Байқайсыз ба, жылдық мұнай өнімі бірдей болса да біздің жинаған қаражатымыз норвегтерден 20 есе кем.

Қазақстан Ұлттық қорында небары 52,4 млрд доллар қалған (активтері). Байқайсыз ба, жылдық мұнай өнімі бірдей болса да біздің жинаған қаражатымыз норвегтерден 20 есе кем. Тіпті Ұлттық қорға қаржы салына бастаған 20 жыл ішінде мұнда құйылған барлық сома – 90 млрд доллар шамасында ғана. Бұл туралы тәуелсіз журналист Жеңіс Құспан өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы. 

"Норвегия халқының саны биыл 5,6 миллионға жетеді. Ал қазақстандықтардың саны, бұйыртса, 19,5 миллион болмақ. Норвегия 1969 жылы өңірде мұнай кені табылғанша кедей ел болған. 1975 жылы Батыс Еуропадағы ең ірі экспорттаушыға айналды. Қазақстан халқы елде өндірілген шикізаттың игілігін Тәуелсіздік алған 1991 жылдан кейін көре бастады. Қазақстанда зерттелген мұнай қоры - 30 млрд баррель, әлемдік мұнай қорының 1,8 пайызын құрайды. Норвегияда - 5 млрд баррель, әлемдегі үлесі 0,31 пайыз. Әйтсе де, өндіретін мұнайдың көлемі шамалас. Норвегия 2020 жылы – 92,  2021-де 93,8 млн тонн мұнай өндірген.  Қазақстанның көрсеткіші де кем емес. 2021 жылы – 86 млн тонн. Норвегияның инвестициялық Мұнай қоры – 1990 жылы құрылды. Оған алғашқы қаражат 1996 жылы түсті. Қазақстан 2000-шы жылы құрған Ұлттық қорға алғашқы қаржы 2001 жылы құйылды. Қазір Жаһандық зейнетақы қоры деп аталатын (Government Pension Fund Global) Норвегияның Мұнай қорының нарықтағы құны бүгінде 1,4 триллион доллар шамасында", - деп жазады ол.

Журналист Қазақстан Ұлттық қорында небары 52,4 млрд доллар қалғанын (активтері) алға тартады. Оның айтуынша, жылдық мұнай өнімі бірдей болса да біздің жинаған қаражатымыз норвегтерден 20 есе кем. Тіпті Ұлттық қорға қаржы салына бастаған 20 жыл ішінде мұнда құйылған барлық сома – 90 млрд доллар шамасында ғана. Неге? Назарларыңызға автордың жазбасын ұсынамыз.

НОРВЕГИЯ НЕ ІСТЕДІ?

Норвегия Жаһандық зейнетақы қорына (Government Pension Fund Global) бастапқыда мұнайдан түскен артық ақшаны жинай бастаған. Кейін қор түрлі салаларға инвестиция салуға көшті. Нәтижесінде, табысы жылдан жылға артып, қазір қордың әлемнің 74 еліндегі 9202 компанияда үлесі бар. Бүгінде қорға түсетін қаражаттың басым бөлігі мұнайдан емес, тиімді инвестициядан қайтқан қаржы.  «Мұнай қоры» акцияларға, тұрақты кіріске, жылжымайтын мүлікке және жаңа энергия инфрақұрылымына қаржы құяды. Мысалы, соңғы жарияланған ақпарат бойынша, қор қаражатының 63,3% – акцияға, 28% – облигацияға, 2,7% – мүлікке салынған. Әлемнің әр түкпірінен, әлемдіқ қаржы орталықтарынан жүздеген ғимарат сатып алған. Оларды жалға беру арқылы да миллиондаған доллар кірісі бар.  Бұдан бөлек, кейбір елдер мен компанияларға несие береді.  Осылайша, түрлі бағытта жұмыс істеу арқылы табысын еселеп отыр.

АЛ ҚАЗАҚСТАНДА ШЕ?

Бағамдап көріңіз, норвегтердің ұлттық әл-ауқат қоры тек соңғы 2021 жылы 177 млрд доллар пайда тапқан.  Ал сол кезде Қазақстандық Ұлттық қоры активтерінің құны 3,4 млрд долларға төмендеді.  Тағы бір ерекшелігі, Норвегия үкіметі қордың негізгі капиталын емес, оның табысын ғана жұмсай алады. Оның өзінде, бұл 3-4 пайыздан аспауы тиіс. Бірақ соның өзі ел бюджетінің 20 пайызын құрап отыр.

Қор басшылығы инвестиция салғанда да ақшаны оңды-солды шашпайды. Ұзақ мерзімде кірісті арттыратын компанияларға ғана қаражат құяды. Мәселен, қаржы құйған компаниялардың тізімін Apple (21,2 млрддоллар ), Microsoft Corp (16,9 млрд доллар ), Amazon.com Inc (14,2 млрд доллар ), Alphabet Inc (11,1 млрд доллар ), Nestle SA (8,8 млрд доллар ), Facebook Inc (7,6 млрд доллар ) бастайды.

Сонымен қатар АҚШ үкіметіне 82 млрд доллар , Жапонияға 33 млрд доллар , Германияға 16 млрд доллар қарыз берген. Норвегтерге қарыз елдер тізімі мұнымен бітпейді. Бақандай 45 мемлекет алақандай Норвегияға борышкер. Бұл аз десеңіз, 32 млрд доллар әлемнің 14 еліндегі ғимараттарды сатып алуға жұмсаған, деп жазыпты бұл мәселені талдаған әріптесім.

Қазақстандық журналистке сұқбат берген «Норвегтік Хельсинки комитеті» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бьорн Энгесланд:

- Біздің түсінігімізде мұнайдан түскен кіріс - ұлттың байлығы, ал табиғи ресурс – балаларымыздың болашағынан алынған қарыз. Мақсат - келер ұрпақты қазір есепсіз алынған қарыздың құлдығында қалдырмау. Мұнайдың кірісі қазынаға да түспейді, тікелей Ұлттық қорға құйылады. Яғни сондай жүйе қалыптасқан - қор аттың төбеліндей азғана элитаның емес, халықтың игілігіне қызмет істейді. Ол – қатаң саясат, оны бұзуға ешкімнің хақы жоқ. Байдың да, лауазымды шенеуініктің де, олигархтың да, алпауыт компанияның да, - депті.

Нәтижесінде Норвегияда аса шіріген бай да, сіңірі шыққан кедей де жоқ. Халықтың мемлекетке, өкіметке деген сенімі де жоғары. Кез келген саяси шешім азын-аулақ саяси топтың емес, тек қана қоғамның пайдасына шешіледі. Ал Қазақстанда, дейді Бьорн Энгесланд, мұнай айналасындағы ресурс қалтасын ғана ойлаған азын-аулақ элитаның қолында шоғырланған. Қоғамға еш пайда жоқ. Мұнай ресурсын сүліктей сорған бай-шонжардың ғана табысы молаяды.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҚ ҚОРДЫҢ ҚАРАЖАТЫНЫҢ ҚАЙДА КЕТІП ЖАТҚАНЫН МАЙ ШАММЕН ІЗДЕП ӘРЕҢ ТАБАСЫҢ

Инвестициялық кірісі мен шығысын да.  Сайты да жоқ. Қордың операторы Ұлттық банктің сайтында ағымдағы ақпарат жарияланбайды. Әбден бояуы сіңіп, борбайы шыққаннан кейінгі күлбілтеленіп, күзелгені ғана БАҚ-на таратылады.   Мысалы, Ұлттық қордың 2019 жылғы валюталық активі былай бөлініпті: 36,5 млрд (59,1%) доллар дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларына, 1,2 млрд (1,94%) доллар – дамушы елдердің мемлекеттік облигацияларына. 453 млн долларға корпоративті олигациялар сатып алынған, 8,9 млрд (14,42%) доллар ақша нарығында. 2019-дың аяғында акцияларда 12,8 млрд доллар ,  868 млн (1,41%)  доллар – жаһандық тактикалық салымдарда. Тағы 1 млрд (1,65%) доллар – алтында. Сонымен Норвегия «Мұнай қорына» жинаған қаражатын тура 21 жылда 1 триллионнан асырды.  Ал Қазақстанның Ұлттық қорына мұнайдан түскен қаражатты қалыптастыру және пайдаланудың 2010 жылғы тұжырымдамасы бойынша 2020 жылы оның көлемі кем дегенде 180 млрд долларға жетуі тиісті еді. Бірақ сол кезде қорда 58,2 млрд доллар қалган. Неге? 

НОРВЕГИЯДАЙ НЕГЕ БОЛМАЙМЫЗ?

Норвегияда Мұнай қорындағы қаржыға екінші деңгейдегі банктерді дағдарыстан құтқаруға, ЭКСПО, Олимпиада, Универсиада сияқты шараларға Заң жүзінде жұмсауға тыйым салынған. Және атап өтері, Норвегияның Ұлттық қорының әр қадамы ашық, жариялы. Тоқсан сайын әр тиынның қайда жұмсалып, қандай пайда әкелгені туралы есеп беріледі.  Қаржы салудың да Этикалық принциптері бар. Соғысқұмар, бала еңбегін қанайтын т.б. сүйкімсіз елдерге Қордың қаржысы құйылмайды. Алда-жалда, байқаусызда құйылып кетсе үлкен дау туып, ол қаражат қайтарып алынады. 

Кез-келген норвег қалаған уақытында сайтқа кіріп, болашаққа, ұрпағына қалдырған ел байлығының қайда жұмсалып жатқанымен таныса алады. Сіз де кіріп таныса аласыз: https://www.nbim.no/en/the-fund/investments/#/ Ал біздің Ұлттық қордағы салымның ең жоғарғы көрсеткіші 2014- жылы болды. Ол $77 млрд-қа дейін жетті. Содан бері құтаймады. Өйткені сол жылдан бастап Ұлттық қордағы қаражатты белсенді түрде игеру басталып кетті.

P.S.

Бұл Қазақстандық Ұлттық қорды 20 жыл жәукемдеген Ескі Қазақстанның «жетістігі»!

Осы сұрақтарды біз Ұлттық қорды 20 жыл басқарған Ескі Қазақстанның қаржы менеджерлері мен түрлі шешім шығарып, қордағы қаржыны ту-талақай қылған бұрын Үкімет басқарған шенеуініктерге қоюымыз керек.

Өйткені осы мерзім ішінде олардың тентіреп кеткендерін естігенім жоқ. Қайта шіріген байға айналмаса.

Тағы да қайталаймын, өткенге РЕВИЗИЯ ЖАСАМАЙ бүгінгі ІСІміз АЛҒА БАСПАЙДЫ!