Түркістан облысы Жетісай ауданы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясын бітірген 63 түлек түгелдей мемлекеттік грантқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөліміне қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының оқушылары биылғы 2021-2022 оқу жылын сәтті аяқтады.
Мектепті бітіруші бес сыныптың 63 оқушысы түгелімен мемлекеттік гранттың иегері атанды. Олардың 30-ы "Алтын белгіге", 21-і "Үздік аттестатқа" ие болды.
Айта кетейік, мектеп-гимназияның орташа балы 105 пайызды құраған. Аталған білім ордасынан соңғы 7 жылда 299 “Алтын белгі”, 125 "Үздік аттестат" иегері шыққан.