Оқу-ағарту министрлігі мектептерде балаларға қатысты жасалатын буллинг әрекеттерінің профилактикасын бекітуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңа ережеге сәйкес, баланы жәбірлеу фактілерінің алдын алу үшін мектептерде арнайы кеңес құрылады. Оның құрамына директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, әлеуметтік педагог, сынып жетекшісі, психолог, білім беру ұйымының медицина қызметкері, ата-аналар, кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі полиция инспекторы кіреді. Кеңес қажетті нұсқаулықтар мен жұмыс жоспарын айқындайды.
Кез келген буллинг әрекеті анықталған жағдайда, жәбірленуші бала туралы бастапқы ақпарат бір күн ішінде жинақталып, ішкі істер органдарына тапсырылуы тиіс. Сонымен қатар, мәліметтер қосымша денсаулық сақтау ұйымдарына да берілуі керек. Заңға сәйкес, бұл құзырлы органдар балаға көрсетілген қатыгездік деңгейін, денсаулығына келтірілген зияндылық дәрежесін анықтайды.
Құқық қорғау органдары мен денсаулық сақтау ұйымдарының шығарған ұйғарымы бойынша, мектеп кеңесі агрессор баланың ата-анасымен сөйлеседі және баламен жұмыс жүргізеді. Әңгімелесу барасында қатыгездік танытқан баланың мінез-құлқына және психикалық жағдайына талдау жасалады.
Бұдан өзге, зәбір көрген оқушымен де психолог мамандар жұмыс жүргізеді. Оның негізгі мақсаты – баланың өзіне деген сенімділігін қалыптастыру.
Егер әлімжеттік көрсеткен оқушы немесе зәбір көрген бала жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған болса, онда оның мүддесін заңды өкіл қорғайды.
Еске сала кетейік, бұған дейін кибербуллингке қатысты заң жобасының авторы Айдос Сарым әлеуметтік желіде әлімжеттік жасалса, онда агрессордың мессенджері бұғатталатынын айтқан болатын.