01.08.2014, 05:48

Ақтөбеде 62 жасар «жеңгетай» ұсталды

Сурет: moe-lipetsk.ru

Ағымдағы жылдың 28 шілдесі мен 1 тамызы аралығында Көліктегі ІІД-нің қызмет көрсету аумағында адам саудасы мен жеңгетайлық фактілерін болдырмау мақсатында «STOP трафик» жедел алдын алу шарасы өтті, деп хабарлайды Skifnews.kz.

Көліктегі ІІД баспасөз қызметі мәлімдегендей, осыған байланысты департаменттің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы және желілік бөліністердің қызметкерлерінен тұратын жұмыс топтары құрылды. Олар адам саудасының құрбаны болған тұлғаларды анықтау үшін еліміздің теміржол вокзалдары мен әуежайларында рейдтік жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Сондай-ақ, ойын-сауық орындары, монша кешендері мен сауналарда сексуалды және басқа да мақсаттардағы жеңгетайлық фактілерін анықтады.

Шара шеңберінде департаменттің қызмет көрсету аумағында жеңгетайлықтың 6 фактісі тіркелді.

Мәселен, Ақтөбе станциясындағы Ішкі істер желілік басқармасының қызметкерлері жедел алдын алу шарасы барысында, 62 жастағы азаматшаны ұстады. Ол Ақтөбе темір жол вокзалы аумағында жыныстық қызмет көрсету үшін қыздарға ұзақ уақыт бойы жеңгетайлық жасаған.

Қазір тексеру амалдары жүргізілуде.