Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қалалық көлік прокуратурасының үйлестіруімен "Вагонсервис" АҚ Алматы филиалының басшысын ұстады, деп хабарлайды Экспресс К.
Тергеу барысында анықталғандай, "Вагонсервис" АҚ басшысы жабдықтау бөлімінің бастығымен алдын ала сөз байласқан. Олар "Вагонсервис" АҚ-ға ("Самұрық-Қазына" АҚ-ның қатысу үлесі — 100%) тиесілі есептен шығарылған вагондарды жеткізіп беру желеуімен кәсіпкерлерден қомақты қаражат алып келген.
— Кәсіпкерлерге келтірілген залалдың жалпы сомасы бүгінде 200 млн теңгеден асты. Сот "Вагонсервис" АҚ филиалының басшысына қатысты 2 айға "күзетпен ұстау" түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады, — делінген ведомство хабарламасында.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етуге жатпайды.