$ 444.22  476.38  4.82

Бекболат Тілеухан өзінің паспортын көрсетті (ВИДЕО)

Түркияда екі елдің паспортымен жүруге рұқсат етілген.

Экс-депутат Бекболат Тілеухан Түркия азаматтығын алуға өтініш берді деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтқан еді. Енді бұл сөзіне дәлел ретінде қоғам қайраткері Ыстамбұлдағы Қазақстан елшілігіне барып өзінің төлқұжатын көрсетті, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Осылайша өзінің Түркия азаматтығын алмағанын дәлелдеуге тырысқан қоғам қайраткері сол жерде отандастарына арнап видео-үндеу жасады.

«Көк паспортым қолымда. Жұмысым қалыпша. Ыстамбұлда жүріп жатырмын», – деді ол.

Тілеухан мырзаның айтуынша, өзіне қаратылып айтылып жатқан сыбыстардың барлығы да кейбір сайқал саясаткерлердің қисынсыз жаласы. 

«Бұл мәлімдемеге себеп болып отырған дүние – көптеген бауырларымның жазып жатқан посттары. Ақылға сыймайтын нәрсе ғой, ел нанбайтын шығар деп ойлаған едім. Сөйтсем, кәдімгідей ел иланып жатыр. «Басқа елдің азаматтығын алуға өтініш беріпті» дегенге ел иланып, кәдімгідей нанып жатыр. Ақылға сыймайтын, қисынға томпақ келетін нәрсеге нанып жатыр. Менің аңғал, батыр, нанғыш, мен үшін аяулы болған кейбір бауырларымның өздері нанып, шашып пост жазғанын көрген кезде бүйтіп мәлімдеме жасамаса болмайтынына көзім жетіп айтып отырмын.

Қадірлі, бауырларым! Мен ешбір бөтен елдің азаматтығына өтініш берген жоқпын! Алла куә!
Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Қазақстанның көк паспортынан айырылатын ойым жоқ. Сайқал саясаткерлердің қисынсыз жаласы бұл! Нанбаңыздар! "Ұлысмедианы" сотқа берем! Сотта кездесеміз аманшылық болса! Ешқашан өтірікке сенбеңіздер!», - деп атап өткен еді ол өзінің бұған дейін жолдаған аудио-жазбасында.

Сондай-ақ, Бекболат Тілеуханның Түркия азаматтығын алуға өтініш бергені туралы ақпарат тараған. Одан бөлек, экс-депутаттың Ыстамбұлдың орталығынан алты бөлмелі пәтер сатып алғаны айтылған.

Алайда желі қолданушылары видео-үндеуге сенімсіздік білдіріп,  «Сенбейміз», «Неге сонша ақталып кетті?», «Түркияда екі елдің паспортымен жүруге рұқсат етілген», «Қайт елге» деген секілді пікірлер қалдырды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары