$ 494.87  520.65  4.91

Жұманғарин: «Қант нарығында монополия орнатпақ болған компанияға қатысты тергеу басталды»

Ол «КаИс Инвест» деген компания.

Сауда және интеграция министрлігіне келген жаңа басшы Серік Жұманғарин экс-министр Бақыт Сұлтановтың өзін мақтағанымен, оның қымбатшылықпен күресудегі "айналма схемасының" анық-қанығына жетуі керектігін айтып қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Кеше ғана Сауда және интеграция министрлігінен кеткен Бақыт Сұлтанов қымбатшылықпен күресу үшін «айналма схеманы» алға тартқаны белгілі. Экс-министр әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 19 түрінің бағасын ұстап тұру үшін Магнум, Смол сынды ірі сауда орталықтарын қолдауға тырысқан. Жаңа министр Жұманғарин бұл схеманы бүгін жалғастыратынын мәлім етті.

«Сол схеманы қалдырамыз. Әрине, қаражат бөлу керек. Монополияға қарсы органда жұмыс істеген кезде біраз ассоциациялардың басшыларымен кездестім. Олардың өз ұсыныстары бар. Мысалы, бізге ақша бөлсеңіз, шикізатты алып, бағаны ұстап тұруды қамтамасыз етеміз деп отыр. Сол себепті қазір ойлану керек. Яғни, қант бойынша. Қызылша неге өспейді? Қызылша оңай зат емес. Оған су мен электр энергиясы керек. Ал бізде зауыттардың бәрі оңтүстікте. Оңтүстікте су қымбат. Жоқ та. Қызылша солтүстікте, батыста да өседі. Үлкен зауыттар да керек емес. АШМ кешенді жоспарды дайындады. Олардың да ұсыныстарын қараймыз», - деді ол.

«Министрлікке кеше ғана келдіңіз. Дегенмен қымбатшылықпен күресуде өзіңізде бір тың амал-әдіс бар ма?» деген сұраққа ол былайша жауап берді.

«Бақыт Тұрлыханұлы белсенді, кәсіби, тәжірибелі азамат. Әрине, қиын уақыт болды. Былтыр екі «қара аққу» қайдан пайда болғанын білесіздер ғой. Біріншісі ковид, екіншісі Украинадағы жағдай. Олар да бағаларға әсер етіп жатыр. Сол себепті біреуді жамандайтын жағдайым жоқ. Менің міндетім осындай жағдай қайталанбасын (..)», - деп жауап берді ол.


Министр кулуарда сонымен қатар қазір қант нарығында заң бұзу белгілері байқалып отырғанын атап өтті.

«Монополияға қарсы орган тергеуді бастады. Қант бойынша айналым схемасына айтарлықтай көп қаражат бөлдік. Көктемгі дала жұмыстарына 140 млрд теңге бөлінген болатын. Айналым схемасына 100 млрд теңгеге жуық ақша бөлінді. Неге бұл қаражат қант зауыттарына жетпеген? Анық-қанығына жету керек», - деді министр.

Сондай-ақ, ол қант нарығында монополия орнатуға әрекет еткен компанияны атады.

«Ол бойынша қазір тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Соның қорытындысы шығуы керек. Ол шикі қантты сатып алуға, өндіруге ақша берген. Енді ақша берген адам 90 пайыз қантты сатамын деп өзіне алып алған. Ол деген бизнес, әрине. Неге болғанын қазір түсінуіміз керек. Проблема неге шықты? Неге айналым сехмасына берілген 100 млрд теңге әкімшіліктен бірден зауыттарға бармады? Заңсыздықбелгісі бойынша тергеу басталды. Қорытындысын монополияға қарсы орган айтуы керек. Ол «КаИс Инвест» деген компания», - деді ведомство басшысы.

Еске сала кетсек Серік Жұманғарин Бақыт Сұлтановтың орнына кеше тағайындалған болатын.

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#қант