16.08.2022, 16:00

Теміртауда көпқабатты үйде жарылыс болды

Фото: ашық дереккөз
Жарылыс салдарынан қабаттар арасы опырылып түскен.

Теміртауда бес қабатты үйде газ-ауа қоспасы жарылып, 4 адам зардап шекті, 53 адам қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға орнына Теміртау қаласының әкімі Қайрат Бегімов пен Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин, барлық шұғыл қызметтер барды.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 16 тамыз күні сағат 12:08-де Металлургтер даңғылы, 5/2 мекенжайындағы үйде газ-ауа қоспасы жарылып, салдарынан қабаттар арасы опырылып түскен. Өрт шыққан жоқ. Үш пәтер бүлінген.

Төрт адам зардап шекті. 53 адам, оның ішінде 7 бала эвакуацияланды.

Оқиға орнында құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.

Теміртау әкімі тұрғындармен кездесіп, уақытша орналасуға болатын орынды табуға және пәтерлерді қалпына келтіруге көмек көрсетілетінін айтты.