16.08.2022, 17:00

«Күніне 100 литр»: Елімізде дизель отынына лимит енгізілмек

Фото: ашық дереккөзден
Бұйрық жобасына сәйкес, дизельдік отынның күнделікті лимиті қазіргі бағамен 100 литрді құрайды. Қазіргі таңда отынның 1 литрі 230-260 теңге.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов үкіметтің кеңейтілген отырысында елдегі дизель отынының тапшылығы мәселесі қалай шешілетінін айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Ақшолақовтың сөзінше, дизель отынына деген үлкен сұраныстың қалыптасу мәселесін шешу үшін барлық ресурс бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге және автожанармай құю станцияларына бөлінеді.

"Күзгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге белгіленген баға – 1 тоннаға 222 мың теңге (литріне 184 теңге). Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін барлық жоспарланған көлем толық орындалады. Қалған жанар-жағармай өнеркәсіптік кәсіпорындар мен Қазақстан темір жолына бөлініп, жетпеген жағдайда қажетті көлем импортталады", - дейді ол.

Сонымен қатар Энергетика министрі транзиттік көлік үшін және шекара периметрі бойынша дизель отынына сараланған баға белгілеуді көздейтін бұйрық жобасы әзірленгенін атап өтті.

"Оған сәйкес бағалар тұрғылықты жеріне, тұтыну көлеміне, және көлік түріне байланысты сараланатын болады. Бұйрық жобасына сәйкес, ел азаматтары үшін жүргізуші куәлігі болған жағдайда дизельдік отынның күнделікті лимиті қазіргі бағамен 100 литрді құрайды. Қазіргі таңда отынның 1 литрі 230-260 теңге. Сондай-ақ жүк көлігі үшін, егер жүргізуші куәлігі және көлік құралының Қазақстанда тіркелгенін растайтын тіркеу куәлігі мен құжаттары бар болса, тәуліктік лимит 300 литр болады. Қалған топтарға, сондай-ақ көрсетілген көлемдерден артық дизель отыны үшін 1 литрі 450 теңгеден сатылады", - дейді Болат Ақшолақов.

Айта кетейік, бұйрық жобасы 18 тамызға дейін Ашық нормативтік-құқықтық актілер сайтына онлайн талқылау үшін орналастырылды.

Тегтер: дизель