17.08.2022, 12:20

Ішкі істер министрінің бұйрығымен екі оқу орнының басшысы жазаланды

Қостанай академиясы және Ақтөбе заң институтында кемшіліктер анықталды.

Ішкі істер министрлігінің екі ЖОО басшылары жұмыстағы кемшіліктері үшін жазаланды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомствоның мәліметінше, ІІМ жоғары оқу орындарының қызметінде оқу және оқу-әдістемелік жұмысты ұйымдастыруда өрескел бұзушылықтар мен елеулі кемшіліктер анықталған.

"Тексеру Ішкі істер министрлігіне қарасты Қостанай академиясы және Ақтөбе заң институтының басшылығы сапалы, тиімді оқу мен оқу-әдістемелік жұмысты қамтамасыз етпегенін, мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың сақталуы бойынша тиісті бақылау жүргізілмегенін көрсетті.

Бұған қоса оқу-әдістемелік процесті ұйымдастыру, оқу орындары бөлімшелерінің жұмысын үйлестіру тиісті деңгейде қалыптаспаған.

Бұған Академия мен Институт басшылығының қызметтік міндеттері мен лауазымдық нұсқаулықтарын дұрыс орындамауы себеп болған", - делінген ІІМ хабарламасында.

Ш. Қабылбаев атындағы Қостанай академиясы бастығының орынбасары Нұрышев Ақан Жақыпбекұлына ескерту жасалды. Ал М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының бастығы Байсұлтанов Алтай Бисенұлына қатаң сөгіс жарияланды.