17.08.2022, 16:00

Күзде елордада табысы аз отбасыларға әлеуметтік карта беріледі

Фото: ашық дереккөз
Осы орайда сауда желісін қамтып тұрған «Magnum» өкілдерімен келістік.

Елорда әкімі Алтай Көлгінов халықтың әлеуметтік осал топтарын азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстары жайынды айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бойынша қадағалау жұмыстары өзекті болып тұр. Әсіресе, маусымаралық кезеңде бұл өзекті тақырып екені белгілі. Биыл күзде «Amanat» партиясымен бірлесе қанатқақты жоба ретінде әлеуметтік карталарды беруді іске қосамыз. Қазіргі кезде айналымға 14 млрд теңге бөлдік. Бұл қомақты қаражат өз нәтижесін береді, алайда қажетті көлемді толық қамтымайды», - деді А. Көлгінов елорда мәслихатының кезектен тыс сессиясында.

Оның айтуынша, аталған іс-шаралар атаулы сипатта болады.

«Азық-түлік бағасы күрт өскен кезде, яғни елімізде толық көлемде өндірілмейтіндері бойынша баға шарықтаса, онда әлеуметтік карта атаулы сипатта болады. Бұл карталар халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына арналады. Осы орайда сауда желісін қамтып тұрған «Magnum» өкілдерімен келістік. Алдағы уақытта басқа да гипермаркеттерге осы тәжірибені таратамыз», - деді әкім.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елордада халықтың әлеуметтік осал топтары азық-түлікті арнайы карта арқылы сатып алады.