17.08.2022, 17:20

Алматы тұрғыны баласын намаз оқымағаны үшін әбден ұрып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған

Дәрігерлер оның бас сүйегі мен мұрны сынғанын айтады.

Алматы қаласының тұрғыны Айдын Құрманбеков 17 жастағы баласы Айбек Жайнақовты әбден ұрып, жансақтау бөлімінен бір-ақ шығарған. Дәрігерлер оның бас сүйегі мен мұрны сынған деген.

 

Бірақ нақты диагноздың қорытындысын тек тергеушілерге беретінін мәлімдеді. Ұрыс-төбелеске баланың намаз оқымауы себеп болған. Алатау ауданының полиция бөлімшесіне үш рет арыз түскенмен, күдіктіні қамауға алмаған. Ол үйіне келіп, жазған арызды қайта алуды талап етіп, қоқан-лоқы да көрсеткен. Заңгер Айгүл Орынбектен көмек сұраған отбасы әкесі жат діннің жетегінде кеткенін айтып шағымданған. Тәртіп сақшылары «вахабисттен қорқып, істі жылы жауып қоя салған» деген. Бұл қылмыстық істі заңгер өз бақылауына алатынын жеткізді. Azattyq Ruhy тілшісі мәселенің жай-жапсарын анықтап шықты.

«Оқиға 15 күні болған. Маған түнгі 01:30-да хабарласты. Әкесі әйеліне келіп, балаларың қойсын деп қоқан-лоқы көрсеткен. Полиция бөлімшесіне үш рет түсіп, үш рет шығарып жіберген. Үйіне келіп қайтадан арыздарыңды алыңдар деп қорқытады екен.

Мен бұл істі өз бақылауыма аламын. Негізі бала 18-ге келгенше ешқандай ата-ана өзінің діни сенім-нанымын тықпалауға қақысы жоқ. Меніңше бізге осы заңды қабылдау керек», - деді белгілі заңгер Айгүл Орынбек.

Жансақтау бөлімінде екі күн жатқан Айбек Жайнақовтың қазіргі жағдайы әлі нашар. Ота жасалмаса сынған бас сүйегі бітелмейді. Қазір ауруханаға дәрі-дәрмегін бір анадан туған бауыры Ерғали Асылханов жеткізіп жүр. Ол өгей әкесінің жазаланғанын талап етіп отыр.

«Ол кісі – менің өгей әкем, бауырым Айбек пен қарындасым Әсемнің туған әкесі. Анамызбен заңды некеде тұрмаған. Қазір басқа әйелі бар. Отбасына ешқашан көмектеспеген. Тек соңғы уақытта ғана араласып тұрған. Соңғы рет ініммен кездескенде, дін туралы әңгіме қозғалған. «Мен сені адам болсын деп жүрмін, ал сен мен үшін намазға жығыла алмадың» деп айыптап, оңдырмай сабап тастаған. Далаға қашпақ болған жерінен ұстап алып, басын, бет-аузын ұрған. Үйде үлкен гантель болған, сонымен ұрған немесе үлкен пышақтың қатты сабымен ұрған. Артынша пышақ ұстап қуалаған. Інім көршілердің үйіне қашып, сол жерден полиция қызметкерлерін шақыртқан. Артынша анам да Алтатау аудандық полиция бөлімшесіне барып арыз жаған. Үйге келіп қорқытқан кезде тағы сақшыларды шақырдық. Бас-аяғы үш рет шағым түссе де, қауіпті адам бостандықта жүр. Ол өзінің әрекетін полиция қызметкерлеріне «пышақ жерге түсіп қалыпты, соны алып жатқан кезде шошып кеткен ғой» деп түсіндіріпті. Мен оны адам болсын деп ұрып жатырмын ғой деп түсіндірген. Егер інім қашып құтылмаса оны өлтіріп тастауы мүмкін еді. Бауырым жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты», - дейді Ерғали Асылханов.

«Ұрыс-төбелеске тікелей діннің қатысы бар. Өйткені, ініме үнемі намаз оқы деп айтатын көрінеді. Ертең тозақта жанасың дейді. Оны маған айтпа деп қорқытады екен. Намаз оқымаған адам кәпір деп айтып келген. Қарындасыма да бірнеше рет осылай қоқан-лоқы көрсеткен», - деді Ерғали Асылханов.

15 жастағы Әсем Жайнақова да әкесінің күш көрсеткенін жасырмады.

«2021 жылы күз айында сабақтан шығып, үйге келсем, үйде екен. Орындыққа келіп отырғаным сол еді, қасыма келді де, діни әңгімелер айта бастады. Мен ол кісіге мұндай әңгімені айтпаңызшы деп едім, сен мені білмейді екенсің деп орындықтан құлатып жіберді. Одан кейін қолымды артқа қайырып күш көрсете бастады. Біруге айтсаң, мен саған көрсетемін деп әбден қорқытты. Ақыры ешкімге айтпай жүрдім. Ағама істегеніне шыдай алмай, енді айтып отырмын. Ол өте қауіпті адам», - деді Әсем Жайнақова.

Алматы қаласының Полиция департаменті күдікті Айдын Жайнақовтың бостандықта жүргенін растады. Егер сот-медициналық сараптамасы оның қылмысын әшкерелесе қамауға алынатынын мәлімдеді.

«Аталмыш дерек сот алды бірыңғай тізілімінде ҚР ҚК-нің 107-бабы бойынша тіркеліп, қазіргі таңда осы азаматпен алынған дене жарақаттарының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл істің тергелу барысы Полиция департаменті басшысының қатаң бақылауында», - деп мәлімдеді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.