Солтүстік Қазақстан облысында 353 ата-ана баласына профилактикалық екпе салдырудан бас тартқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірде ата-аналары тиісті профилактикалық екпелерден бас тартқан 18 жасқа дейінгі балалардың жеке есебі жүргізіледі. Қазіргі уақытта олардың саны 353-ке жеткен.
«Аурулардың алдын алуға негізделген екпелерден бас тартқандардың 129-ы – Петропавл тұрғындары, бұл – 36,5%, Тайынша ауданында 57 адам, 16% екпе алмаған, Уәлиханов ауданында 49 адам – 13,4%, Қызылжар ауданында 34 адам – 9,6% және Айыртау ауданында 29 адам – 8,2% екпе салдырмаған. Биыл түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде бұған дейін екпеден бас тартқан Петропавлдың 107 тұрғыны, Шал ақыннан 12, Есіл ауданынан 10 адам вакцина салдыруға келісімін берді», - дейді департамент басшысының орынбасары Татьяна Горлова.
Жағдайға талдау жүргізген мамандар, вакцинациядан бас тартқандардың 40,8% 1 жасқа дейінгі сәбилердің ата-аналары екендігін анықтаған. 1-2 жастағы балаларына екпе салдыруға қарсы болған ата-аналар – 17%, 3-5 жастағы – 21,2% және 6-15 жастағы – 19,3%.
«Екпе салдырудан бас тартқан ата-аналардың 82,4% өз шешімін жеке пікірімен байланыстырса, 12,5% вакциналарға сенімсіздік білдірген. Ал 5,1% мұндай шешім қабылдауға БАҚ-тағы ақпараттар әсер еткен. Діни нанымына байланысты вакцинациядан бас тартқандар тіркелмеді», - дейді Татьяна Горлова.