Кәсіпкерлер үйірмеге қатыспайтын 44 баланы тізімге енгізіп, қазынаның 400 мың теңгесін заңсыз иемденген.
Астана телеарнасы тілшілері таратқан ақпаратқа сүйенсек, қаладағы саз мектептері де жалақыларын көтеру мақсатында ақылы үйірменің бағасын заңсыз өсіріп жіберген.
Айласын асырмақ болған кәсіпкерлер прокурорлық талдау барысында анықталды.
Атырау қалалық прокуратурасының бөлім бастығы Ерлан Кәкиевтің айтуынша, тексеру кезінде ата-аналардың айғақтары бойынша балалардың мүлдем спорт үйірмелеріне бармағаны дәлелденді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялап, Үкіметке аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау жөніндегі Жол картасын әзірлеуді тапсырған еді. Осыған байланысты аталған санаттағы балалардың үйірмелерге, орталықтар мен жазғы лагерьлерге бару мүмкіндігін қамтамасыз ету көзделген. Талдау қорытындысымен Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының спорттық іс-шараларға бөлінген бюджет қаражатын кәсіпкерлердің заңсыз иемдену фактілері анықталды. Заңнамамен алынып тасталған «өзге де шығындарды» негізсіз қосу есебінен балалар музыкалық мектептерінде оқыту бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасын заңсыз көтергені белгілі болды. Бұл бойынша қадағалау акт енгізілді. Мемлекетке келтірілген залал толықтай өндірілді. Саз мектептерінің бағасы 10 пайызға төмендетілді, – деді прокурор.
Осылайша қадағалау органы қолжетімді білім алуы тиіс 2730 баланың құқығы қорғалғанын мәлім етті.