$ 494.87  520.65  4.91

«Үстіне шай төгілді деп айтты»: Алматы облысында жансақтау бөліміне түскен 20 жастағы жігіт күйіп қалған

Сол сәтте науқас ес-түссіз жатқандықтан, оқиғаның қалай болғанын өзі жөнді білмейді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

20 жастағы Сұлтан Оршабеков эпилепсиялық талмасы ұстап, Алматы облысындағы ауданаралық ауруханаға жеткізілген. Бірден жансақтау бөліміне жатқызылған ол мұнда күйік жарақатын алған. Сол сәтте науқас ес-түссіз жатқандықтан, оқиғаның қалай болғанын өзі жөнді білмейді. Ал дәрігерлер үстіне ыстық шәйді өзі төгіп алғанын айтыпты, деп хабарлайды  Almaty арнасы.

Қарасай ауданы бойынша ауыр хәлдегі науқастарды қабылдайтын жалғыз аурухана бар. Эпилепсияға шалдыққан 20 жастағы Сұлтан 1 тамызда түнде жеткізіліп, мұндағы жансақтау бөліміне жатқызылған.

«Оянып, қарасам оң жағым ашиды. Не болды деп қарасам, күйіп қалыпты. «Шәйға өзің күйіп қалдың, жылы шәй әкелгенде, ыстығын сұрадың» деп түсіндірді», – деді Абай ауылының тұрғыны Сұлтан Оршабеков.

Алайда Сұлтанның анасы дәрігерлерге сенбейді. Олар оқиға болған сәтте бірден хабар бермегеніне наразы.

«Қалай ол ыстық шәйға күйдіріп алады? Неге оның аузы мен қолы күймейді? Қалай тек іші күйді?! Шәй төгілсе, 3-дәрежелі күйік алады деген миға симайтын әңгіме сияқты. Қорқып қалдық. Жансақтау бөлімінде осылай істесе, басқа бөлім не істемейді», – деді Сұлтанның анасы Бақытгүл Оршабекова.

Анасының айтуынша, ұлының талма ауруы осыдан 10 жыл бұрын анықталған. Содан бері Сұлтан дәрігерлер бақылауында. 1 тамызда түнге қарай дерті аяқ асты асқынып, үй маңында есінен танып құлаған. Дәрігерлердің айтуынша, жедел жәрдеммен жеткізілгеннен науқасқа тиісті медициналық көмек көрсетілген.

«Науқас жансақтау бөлімінде жатқанда денесін күйдірді. Үстіне ыстық шәй төгілген. Қазір тексеру жүріп жатыр. Оқиғаға қатысты дәрігермен сөйлестік. Ертең Медициналық қызмет көрсету саласындағы бақылау комитетінің тексеру тобы келуі тиіс. Олар толық тексеріс жасап, кімнің кінәлі екенін анықтайды», – деді Қарасай ауданаралық көпсалалы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Максим Стадников.

Сұлтанның анасы бұл оқиғадан кейін экспертиза жасауды талап еткен. Алайда дәрігерлер қарсы болған көрінеді. Сондықтан ұлын ауруханадан шығарып алған. Кейін полицияға арыз жазып қалдырды.  

«Бұл дерек полиция басқармасында тіркелді. Материалдар жинақталып, сараптама тағайындалды. Оқиға ауруханада болғандықтан, іс Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданды. Істің толық мән-жайы тексеру жұмыстарының нәтижесі шыққанда ғана анықталмақ. Әзірге Сұлтан жарасын өзі танып, ем-домды үйінде алып жатыр», – деді Қарасай АПБ жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Арман Талқамбаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары