$ 494.87  520.65  4.91

Гарвардты бағындырған қазақ баласының өліміне қатысты тың дерек пайда болды

Сот-медициналық сараптама Ақназардың трамадолдан, яғни психотропты опиоидті анальгетиктен уланып өлгенін көрсеткен.

Гарвардта білім алған 20 жастағы қазақ баласы Ақназар Қажымұраттың өліміне қатысты алғаш рет тың дерек пайда болды, деп хабарлайды Экспресс К.

Оның денесі 2021 жылдың қарашасында Алматының Бостандық ауданындағы қонақ үйлердің бірінен табылған еді. Редакциямыз осы жайтқа қатысты Алматы прокуратурасына ресми сауал жолдаған болатын.

Сот-медициналық сараптама Ақназардың трамадолдан, яғни психотропты опиоидті анальгетиктен уланып өлгенін көрсеткен. Денесінен зорлық-зомбылықтың ізі байқалмапты.

«Оның денесі Vivaldi International Hotel қонақ үйінің бір бөлмесінде, жуынатын бөлменің еденінен табылған. Оқиға орнын тінту кезінде өлім алдында жазылған хат болған жоқ, ішінде ұнтақ тәрізді зат салынған пластик құты табылып, тәркіленген», - деп жауап берген прокуратура.

Сондай-ақ прокуратура құтыдағы заттың «Қазақстан Республикасының аумағында бақылауға жататын есірткі, психотропты зат немесе олардың баламасына жататын дәрі-дәрмек емес» екенін хабарлап отыр.

Яғни, әлдеқандай зат салынған құты қаза болған баланың жанына қайдан келгені белгісіз. Ал істі тергеу 2022 жылдың 30 наурызында аяқталып қойған екен.

Естеріңізге сала кетейік, Ақназар Қажымұрат 2018 жылы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 12-сыныбына оқып жүріп, әлемге әйгілі болды. Сол жылы ол халықаралық ACT және SAT Subject Tests тестінде рекорд орнатып, ең жоғары көрсеткішке — 36-дан 36 және 2400-ден 2400-ге жеткен.

Ол осы жетістігінен кейін әлемдегі ең мықты оқу орындарының бірі — Гарвардқа оқуға түскен болатын. Оны БАҚ Қазақстандағы ең талантты және "Данышпан жігіт" атап кеткен еді.

Былтыр 3-қараша күні ізім-қайым жоғалған 20 жасар Ақназардың денесі 5-қараша күні қонақ үйден табылған болатын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары