Нұр-Сұлтанда дәмханадағы жанжал төбелеске ұласты. Бір адам зардап шекті, – деп хабарлайды Skifnews порталы.
Полицияға көшедегі дәмхананың жанынан хабар келіп түсті. Сағат 02:00 шамасында 30 жастағы жәбірленуші ойын-сауық мекемесіне келгені анықталды.
– Кафе ішінде мас күйінде отырған ер адам екі клиентпен жанжалдасып, кейін ол төбелеске ұласқан. Кафенің кіреберісінде төбелесіп жатқан оларға 25 жастағы белгісіз жігіт қосылып, агрессивті әрекет жасап, жәбірленушінің бетінен жұдырықпен ұрған. Соққыдан асфальтқа құлап, есінен танып қалған. Төбелеске қатысушылар оқиға орнынан бой тасалаған, – деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті.
Полицейлер күдіктіні ұстап, “Сарыарқа” ауданының полиция басқармасына жеткізді.
Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісі бойынша ұсталған азаматқа қатысты Қылмыстық кодексінің 106-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Белгілі болғандай, күдіктінің бұндай төбелеске қатысуы бірінші рет емес. Ол 2015 жылы осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін сотты болған. Қазіргі уақытта ұсталған ер адам ПД Уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оның елорда аумағында бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда.