22.08.2022, 11:20

Бүгін – Дінмұхамед Қонаевты еске алу күні

Фото: ашық дереккөз
22 тамыз Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қайтыс болғанына 29 жыл болды.

22 тамыз Қазақстанның көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың қайтыс болғанына 29 жыл болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

22 тамыз Дінмұхамед Қонаевты еске алу күні болып аталып, еліміздің түкпір-түкпірінде қазақтың көрнекті қоғам қайраткерін еске алуға арналған кештер өткізіліп, тұлғаға арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою, жастарды қайраткердің өмір жолымен таныстыру шараларын ұйымдастыру дәстүрге айналған.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев - аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымының докторы.

1955-1960 жылдары – Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің төрағасы болды. 1960-1986 жылдары – Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы қызметін атқарды.

Қонаевтың бастамасы бойынша қазақ жерінің сол кездегі астанасы Алматы қаласында Үкімет үйі, Қазақстан Компартиясының Орталық Комитетінің ғимараты, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғимараты тұрғызылды. Қала көшелерінің саны артып, жаңа тұрғын үйлер салынып, 12 ықшам аудан ашылды. Мектеп пен балабақша ғимараттарының құрылысы басталып, Оқушылар сарайы жас өнерпаздарға есігін айқара ашты. Республика Сарайы, Спорт және Мәдениет Сарайы, «Медеу» спорт кешені, Ұлттық Кітапхана, цирк сынды мәдениет, білім және спорт нысандары бой көтерді. Авто, аэро және темір жол вокзалдары, әуежай, «Алматы», «Отырар», «Жетісу», «Алатау», «Достық», «Қазақстан» қонақүйлері салынып, қала көркін ашты.

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев Республика партия ұйымын басқарған ширек ғасырға жуық ішінде өзінің үлкен мәдениеттілігімен танылып, халық дәстүрін жақсы білетін, тағылымы терең, ой-өресі биік жан екенін көрсетті. Кейін мемлекет ісінен қол үзген кезде де ол білімдар білікті жан ретінде елде жүріп жатқан реформа бағыттарын, қоғамды демократияландыру қажет екенін терең түсініп, қолдай білді.

Айта кетсек, осы жылы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Алматы облысындағы Қапшағай қаласының атауы Қонаев қаласы болып өзгертіліп, ол шаһар Алматы облысының орталығына айналған болатын.