Атырау облысының Қызылқоға ауданы Миялы ауылының жұрты кеше әскерде қаза болған 18 жастағы Бекбол Досболұлының денесін жер қойнына тапсырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сарбаздың өлгені туралы алғаш ақпаратты қоғам белсендісі Бибігүл Рамазан Facebook-тегі парақшасында жазған. Автордың жазуынша, оқиға 19 тамыз күні болған. 2004 жылы туған сарбаз өз-өзіне қол жұмсаған.
«Жамбылда атыраулық сарбаз қайтыс болды деген қаралы хабар жетті. 2004 жылы туған Мираш Бекбол Досболұлы Атырау облысы Қызылқоға ауданы Миялы ауылының тумасы», - деп жазды қоғам белсендісі.
Дегенмен сарбаздың өліміне қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ. Тек сарбазды ақтық сапарға шығарып салар кезде онымен бірге әскери қызметте болған сарбаздар Миялы ауылына келген екен. Сол кезде «сарбаздың қызымен ұрсысып қалып, осындай қадамға барғаны» туралы айтылған болуы керек. Алайда сарбаздың сол ауылдағы қызы бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ол видеода Бекболдың хатын жариялады.
«Бәрінен қорқып жүрмін. Көрінген адамнан қорқып жүрмін. Адамнан қорықпайтын едім. Қаншама достарым бар еді. Бәрі қалды. Сен де жанымда емессің. Менің өмірден жоқ болып кеткім келеді. Внатуре түңіліп кеттім. Мынандай қорқыныш сезім өткенше өлгенім артық қой. Мен сені жақсы көрем», - деп жазып кеткен қызына Бекбол.
– Біз ұрсысып қалсақ, осындай сөздерді айта ма? Айтпайды, – деп дәлел келтіреді бойжеткен.
Ал сарбаздың ағаларының бірі көз жұмар алдында Бекбол «жарты сағаттың ішінде 28-30 мың теңге тауып берші» деп жалынғанын айтады.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің ресми сайтында Бекболдың өлімі туралы ақпарат жоқ. Алайда ресми сайт 19 тамызда Атырау облысында Мемлекеттік шекара учаскелерінің бірінде қызметін өткеріп жүрген Шекара қызметінің әскери қызметшісі Ерғалиев Нұрбек қайтыс болғаны туралы мәлімет берген.
ҰҚК Шекара қызметін Қазақстан Республикасы ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Ерлан Алдажұманов басқарады. Шекара қызметі мемлекеттік шекараның тұтастығын және қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету, шекара кеңістігінде заңдылық пен белгіленген тәртіпті сақтау мақсатында құрлықта, аумақтық суларда (теңізде) және ішкі суларда (оның ішінде суасты ортасында) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қорғауды және күзетуді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ведомствосы.