$ 494.87  520.65  4.91

«Миллионға жуық оқушы тегін тамақтанады» : Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр?

Жыл соңына дейін 225 мектеп салынады, мектеп формасына қойылатын талап өзгермейді.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылында мектеп оқушыларын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Мектеп формасына қойылатын талап өзгермейді

Мектеп формасына қойылатын талаптар 2016 жылдан бастап енгізілді.  Жоғарыда көрсетілген талаптар білім алушылар арасындағы әлеуметтік, мүліктік және өзге де айырмашылықтар белгілерін жоюға бағытталған. Жаңа оқу жылында мектеп формасына қойылатын талаптар өзгермейді. Яғни оқушылар мектепке бұрын сатып алған немесе биылғы оқу жылында дайындаған формамен келе алады. Ал мектеп формасы жоқтар таза, ұқыпты классикалық киім үлгісімен мектепке бара алады.

Ата-аналар мектеп формасының өндірушісін таңдауда және оны бөлшек сауда желісі арқылы тиімді бағамен өз еркімен сатып ала алады.

Жыл соңына дейін 225 мектеп салынады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылға дейін 1 000 мектеп салу жөніндегі тапсырмасы аясында елімізде жыл сайын 200-ден астам мектеп пайдалануға беріледі. Үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу үшін облыс әкімдіктері 2022 жылдың соңына дейін 225 мектеп салуды жоспарлап отыр. Жаңа оқу жылының басына дейін 21 мың оқушыға арналған 41 мемлекеттік мектепте және 15 мың оқушыға арналған 40 жекеменшік мектепте құрылыс жұмыстары аяқталуы тиіс.

Әр аймаққа нақты көрсеткіштер бекітілген.

Сонымен бірге оқу жылының басына қарай барлық орта мектепте жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 263 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл мектептердегі жөндеу жұмыстары 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.

1 қыркүйек күні еліміздегі барлық мектепте салтанатты жиын өтеді

Жаңа оқу жылында 3,6 млн баланы қамтитын 7 637 мектеп жұмыс істейді. 1 қыркүйекте республиканың барлық мектебінде Білім күніне арналған салтанатты жиын, сондай-ақ «Білімге ұмтылу, еңбексүйгіштік және патриотизм» тақырыбында сынып сағаттары өтеді.

Салтанатты сапты өткізудің форматын және қатысушылардың құрамын білім беру ұйымдары дербес белгілейді.

Оқу жылы 1 қыркүйекте басталып, 31 мамырға дейін 36 аптаға созылады. Жаздың алғашқы күндерінен бастап оқушылар жазғы демалысты бастайды, яғни жазда балалар демалады.

Қазақстанда жазғы демалыстың ұзақтығы басқа елдермен салыстырғанда ең ұзақ, яғни 92 күн болып қалып отыр. Жалпы жазғы демалысты есепке алғанда, оқу жылында балалар 192 күн демалады және оқу күндерінің саны 173 күн.

Оқу жылының ұзақтығының ұлғаюына байланысты жаңа оқу жылында 7 мыңнан астам мектеп бес күндік оқыту форматына көшеді, бұл үш ауысымда оқитын мектептерді қоспағанда, 3,4 млн бала мен 300 мыңнан астам мұғалім. Сенбі демалыс күні болады, соның нәтижесінде оқушылар, мұғалімдер, мектеп директорлары мен оның орынбасарлары оқу жылында қосымша 36 күн демалады.

Миллионға жуық оқушы тегін тамақтанады

Жаңа оқу жылында миллионға жуық оқушы мектептегі бір реттік тегін тамақпен қамтылады.

Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан 400 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктеріне қарай 7 өңірде, атап айтқанда, Нұр-Сұлтан, Шымкент және Алматы қалаларында, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды ​​және Павлодар облыстарында 1-4 сынып оқушылары мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Ақмола және Маңғыстау облыстарында 1-сыныптың барлық оқушысына тегін ыстық тамақ беріледі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары