27.08.2022, 18:20

Шешен қызы: «Қазақтың жанын түсінсеңдер, өмірлерің әлдеқайда күшті болар еді»

Айза мұнан бөлек, атажұрттан қанша жақсы ұсыныс түсіп, кері көш десе де, Қазақстанды тастап кетпейтінін айтады.

Қазақ халқының тарихы мен өмірі, тұрмысы мен салт-дәстүрі біте қайнасқаны ешкімге таңсық емес. Шешен ұлтының қызы болса да Айза Аблаким осы үрдістің шынайылығын тағы бір нақтылады, деп хабарлайды Экспресс К.

Шешен қызы Айза Аблаким қазақ халқына байланысты ойын "Qazaq bol" жобасына берген сұхбатында айтты. Сөзіне сүйенсек, отбасында қазақтың салт-дәстүрін де ұстанатын көрінеді. Себебі ұлттың жан-дүниесін түсіну үшін тарихын білу маңызды, дейді.

"Кешегі орыс патшалығына қаншама ақын-арыстарымыз, Алашорда бар, бәрі-бәрі қорықпастан өмірлерін қиды. Достарыма сендер осы тарихты білуге, қазақтың жан-дүниесін түсінуге тырыссаңдар өмірлерің әлдеқайда күшті болар еді деп жиі айтамын", — дейді Айза.

Сонымен қатар, ол отбасында жеңгелерінің үйге келген қонақтарға қазақи дәстүрмен сәлем салатынына да тоқталады. Бұл қазақ халқына деген құрметтің белгісі дейді.

Айза мұнан бөлек, атажұрттан қанша жақсы ұсыныс түсіп, кері көш десе де, Қазақстанды тастап кетпейтінін айтады. Себебі туған жері, өскен ортасы, шынайы Отаны — қазақ жері дейді. Әрі елдегі барлық өзге ұлт өкілдері осыны, яғни, Отанның оттан да ыстық екенін түсінгені дұрыс деген пікірде.

 

 

Тегтер: Айза Аблаким