$ 494.87  520.65  4.91

Бетіне үшкір темір қадалған 10 жасар баланы құтқарған ақмолалық дәрігерлер марапатталды

Олар - Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері – жақсүйек-бет хирургі Денис Федоров, ЛОР дәрігер Гүлнар Жүнісова және нейрохирург Нұржан Ысқақов.

Ақмола облысының Щучье қаласында футбол алаңында ауыр жарақат алған 10 жасар баланың өміріне араша түскен дәрігерлер марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Ақмола облысында Конституция күніне арналған салтанатты шарада марапатталғандар арасында Ақмола облыстық көпсалалы балалар ауруханасының дәрігерлері – жақсүйек-бет хирургі Денис Федоров, ЛОР дәрігер Гүлнар Жүнісова және нейрохирург Нұржан Ысқақов бар. Олар щучьелік 10 жасар балаға бірегей ота жасаған еді. Бала Щучье қаласында үй ауласындағы футбол алаңында ойнап жүрген кезінде жарақат алған.

Оның бетіне, яғни көз тұсына қоршаудың үшкір темірі шаншылып қадалған. Дәрігерлердің үйлесімді жұмысы мен кәсіби шеберлігінің арқасында баланың бетіне қадалған бөгде зат алынды. Қазір ол сауығып, үйге шығарылған. Шарада Гүлнар Жүнісова Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевқа ұжымдық жұмыстарын жоғары бағалағаны үшін алғысын білдірді. 

«Бұл – біздің күнделікті жұмысымыз. Әр науқастың өмірі мен денсаулығы біз үшін маңызды. Біздің кәсіби ұжым күн сайын адам өміріне араша түседі. Бұл іс – соның жарқын мысалы», - деді ол.

Айта кетсек, Щучьедегі футбол алаңында 10 жасар баланың жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалған еді. 
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары