29.08.2022, 17:28

Жасөспірім мектеп формасын алуға әжесі берген ақшамен жоғалып кеткен

Фото: ашық дереккөз
Қария немересіне мектеп формасын алу үшін 20 мың теңге беріпті. Алайда ақшаны алып сыртқа шыққан 15 жастағы жасөспірім жоғалып кеткен.

Өскемен қаласының тұрғындары бір аптада жоғалған 3 баланы тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бірнеше күн бұрын «102» жедел арнасына 62 жастағы зейнеткер жүгініп, немересін іздеуге көмектесуді сұраған. Қарт әйел немересіне мектеп формасын алу үшін 20 мың теңге беріпті. Алайда ақшаны алып сыртқа шыққан 15 жастағы жасөспірім жоғалып кеткен. Бұл оқиғадан көп уақыт өтпестен қалалық мамандандырылған жасөспірімдер үйінің тәрбиешісінен 2006 жылы туған тәрбиеленуші досы келген соң аулаға шығып кеткені, содан оралмағаны туралы хабар түскен.

«Жоғалған екі баланың дос екені белгілі болды. Сол күні олар кездесуге келіскен. Іздестіру барысында полицейлер екеуін танысының үйінен тапты. Анықталғандай, 15 жастағы жасөспірім әжесінің берген ақшасын досымен бірге жұмсап тастаған. Содан соң жасөспірімдер таныс қыздың үйіне қонаққа баруды шешкен. Қыздың анасы полицияға қоңырау шалып, жоғалған балалар өз үйінде екенін жеткізді», - деп хабарлады баспасөз қызметінен.

Сондай-ақ 24 тамыз күні «102» жедел арнасына 27 жастағы жергілікті тұрғын хабарласқан. Өз сөзінде ол кәмелетке толмаған ұлының жоғалып кеткенін жеткізді.

7 жасар бала үйінен шығып әжесіне кеткен. Бірақ әжесінің үйіне жетпей, із-түзсіз жоғалды. Анасы ұлын өз бетінше табуға тырысқанымен одан еш нәтиже шықпаған. Барлық таныстары мен достарына қоңырау шалса да баласының қайда екенін біле алмаған.

Хабар түсісімен жедел-іздестіру тобы мен полиция басқармасының барлық жеке құрамы дереу жиналды. Тәртіп сақшылары іргелес жатқан аумақтарды, атап айтқанда саябақтарды, жастар жиналатын орындарды, дәмханаларды, тұрғын үйлердің кіреберістерін мұқият аралап шыққан.

«Қабылданған шаралардың нәтижесінде сол күні полиция қызметкерлері жоғалған баланы Тихая көшесіндегі Үлбі өзенінің жағасынан тапты. Анықталғандай, бала әжесіне келгенде үйде ешкім болмаған. Содан кейін ол көшеде ойнап жүрген балалармен бірге жағалауға серуендеп кеткен», - дейді қалалық ПБ бастығы Андрей Мула.