31.08.2022, 16:00

«Әйелдер ғана мүше болады»: Динара Сәтжан партия құрмақ ойы барын айтты

Бұл туралы Динара Сәтжан әлеуметтік желідегі парақшасында айтты.

Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан партия құру туралы идеясын жариялады, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы Динара Сәтжан әлеуметтік желіде жазып, елімізде блогерлердің партия құрып жатқанына бей-жай қарамайтынын атап өтті.

"Ағыстан қалмау үшін мен де өзімнің партиямды құрғым келеді. Бастамашы топта мың адамнан кем болмауы керек әрі олар партияның алғашқы құрылтайына қатысуы тиіс екен. Осы орайда бірінші кезекте дауыс бергендеріңізді тексеріп көргім келеді. Кім менің партияма кіргісі келеді? Бірден айтайын, мүшелікке тек әйелдер ғана өте алады", — деп жазды тележүргізуші.

Динара Сәтжанның бұл жазбасына оқырмандар көптеген пікір жазып қалдырған. Олардың қатарында қолдаушы топтың да қарасы қалың.

"Динара, керемет ұсыныс! Мен сізді қолдаймын", "Сіз үшін кез келген ұрысқа дайынмын", "Әуелі бұл партияның немен айналысатынын нақтылап алайық" деген сынайда ойларын білдірген. Тележүргізуші олардың кейбіріне жауап беріп, партияның бағыт-бағдарын алғашқы құрылтайда шешетінін айтыпты.

Соңғы кездері елімізде партия құруға талпынып жүргендердің қатары көп. Соның бірі Динара Сәтжанның курстасы Санжар Боқаевтың "Намыс" атты партия құрғаны белгілі болды. Сонымен қатар, таяу күндері "Республика" деп аталатын жаңа партия құрылып, оның құрылтайшылары қатарында Қуаныш Шоңбай, Сырымбет Тау, Бейбіт Әлібеков бары аталды.