01.09.2022, 16:00

«570 миллион доллар»: Алтай Көлгінов LRT құрылысына қажетті қаржыны атады

Фото: ашық дереккөзден
LRT жұмысы қыркүйек айында басталады.

Нұр-сұлтан қаласындағы құрылысы тоқтап қалған LRT қайта жаңғырады, деп хабарлайды Экспресс К.

Бұл туралы Нұр-сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Парламент дәлізінде тілшілермен сұхбат барысында атап өтті. Оның сөзінше жобаны қаржыландыру тоқтатылғаннан кейін жұмыс тоқтап қалған.

"LRT жұмысы қыркүйек айында басталады. Әуелі бюджеттен 20 миллиард теңге бөлінді. Алайда бұл қаржы құрылысқа жетпейді. Осыған дейін аталған құрылысқа 1 миллиард АҚШ доллары көлемінде қаржы жұмсалды. Оның да өзіне тиісті міндеттемелері бар. Қытай елімен осыған қатысты келісімшарттарға қол қойылған. Бұл жерде мемлекеттің атқаратын міндеттері бар. Келісімшарт бұзылатын болса, халықаралық сотта біз ұтылып қаламыз", — деді қала әкімі.

Қазіргі уақытта құрылысқа қатысушы Қытай елі өзіне тиесілі жұмыстарды толығымен атқарып отырған көрінеді.

Алтай Көлгінов өз сөзінде көктемнен бері банктерге пайызымен 3,5 миллиард теңгені қайтарып жатқандықтарын атап өтті. LRT құрылысының шығыны қандай жағдайда да мемлекетке салмақ салмай қоймайды екен. Осы орайда қаржыны бюджеттен бөлу туралы шешімге келген. Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласындағы салынып жатқан LRT-ға 570 миллион АҚШ доллары көлемінде қаржы керек.

 

Тегтер: Астана LRT