ҚР Бас прокуратурасы Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында жария еткен рақымшылыққа ілінетін қаңтар оқиғасына қатысушылардың тізімін дайындап жатыр, деп хабарлайды Zakon.kz.
Журналистер бас прокурордың орынбасары Әсет Чиндалиевтен рақымшылыққа ілінгендердің саны туралы сұрады.
"Санды әзірше айта алмаймын, өйткені қазір пысықтаймыз. Сізге сонда қарау керек болады. Өздеріңіз білесіздер, Президент тапсырма берді. Экстремистік қылмыс жасағандарға, ұйымдастырушыларға рақымшылық жасалмайды. Қазір білесіздер, 1000-нан астам іс тергелді, 1000-ға жуық адам сотталған. Осы статистикадан қарау керек болады. Қанша адам болатынын айтуға дайын емеспін", - дейді Әсет Чиндалиев.
Бас прокурордың орынбасары барлық сандар кейінірек жарияланатынын атап өтті.
"Тергеу сатысында біз гуманизмді көрсеттік деп айта аламын. Есіңізде болса, президент басынан-ақ, қаңтар оқиғасынан кейін бас бостандығынан айырылып қалмас үшін ұсақ қылмыс жасағандарға адамгершілік жасалады деп айтты. Айтайын дегенім, бізде 983 адам сотталған, оның 100-ден астамы нақты мерзімге, қалғанына шектеу немесе шартты түрде жаза беріледі", - деді Әсет Чиндалиев.
Ол қайтыс болғандар үшін бұл көрсеткіш өзгеріссіз – 238 екенін айтты.