Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ата-аналар, ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығы мүшелері, жауапты басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, прокуратура өкілдері т.б. қатысуымен әкімдікте Art Sport жобасының одан әрі жұмыс істеу барысын талқылады.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев балаларды қолдау негізгі басымдық екенін атады. Жыл басынан бері жобаға 11 миллиард теңге төленді. Қазір Алматы бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Алайда келісімге отырған кәсіпкерлерге әкімдік 2 миллиард теңгеден астам қарыз. Бұл тек Алматыдағы емес, өзге де аймақтарда бар мәселе.
«Қазір үйірмелер қарыз есебінен жұмыс істеп жатыр, ал республика бойынша төленуі керек қарыз 67-70 миллиард теңге шамасында. Мұндай мәселенің болуы мүмкін екені ескертілген. Осы тұста ешкім бұл бағдарламаны тоқтатайын деп жатқан жоқ екенін айтқым келеді. Бүгінгі таңда қарыз мәселесін шешу үшін жұмыс істеп жатырмыз», – деді қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Art Sport жобасын қаржыландыру тоқтатылуына байланысты алаңдаушылық білдірген алматылықтардың өз уәжі бар. Айтуларынша, бұған дейін тегін үйірменің арқасында бүлдіршіндер талай белестерді бағындырып үлгерген.
«Немерем 2021 жылдың қыркүйегінен бастап 1 жыл гимнастика секциясына қатысты. Екі рет жарыста жүлделі болды. Үйірмелерді мемлекеттің қаржыландыруы - әр отбасыға үлкен көмек. Бірақ қаржыландыру тоқтаса, немерем гимнастиканы жалғастыра алмай қалады. Себебі бәрі қаржыға келіп тіреледі», – деді Мария Тілеубекова.
Жоба аясында жұмыс істеген кәсіпкерлер 1 қыркүйекте бұдан былай әкімдік Art Sport бағдарламасын қаржыландырмайтынын білген. Би студиясының жетекшісі Алена Ростовцева мұндай шешіммен келіспейді.
«Қала басшылығы жобада шикіліктер барын айтты. Дегенмен мен өзім де бұл платформада жұмыс істеймін, ал ата-аналар балаларын 2 минутта-ақ тіркей алады», – деді ол.
Алайда «Art Sport» жобасында шикіліктер барын прокуратура өкілі де растап отыр. Алматы қаласы прокуратурасының дерегінше, қолданыстағы жүйе бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын бақылауда өзінің тиімсіздігін көрсеткен.
«Платформадағы баланың дерегі жайлы жолдарға өтірік ақпарат жазсақ, жүйе мұны қабылдай береді. Осындай олқылықтар бюджет қаржысының ұрлануына алып келеді. Сондықтан бағдарламаны мінсіз деп айтуға болмайды. Қазір прокуратура 2 000-нан деректің жалған екенін анықтап отыр. Жеткізушілердің еңбек құқықтарының бұзылуы тіркелді. Кейбір бапкерлердің бұрын сотталғаны анықталды», - деді қалалық прокуратураның өкілі Бауыржан Төлендинов.
Жиын қорытындысы бойынша Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, ArtSportEdu жеткізушілер қауымдастығының мүшелері және ата-аналар бағдарламаның одан әрі жұмыс істеу тетіктерін әзірлеу үшін жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданды.