Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров АҚШ қарулы күштерінің әскери ұшағы неге Нұр-Сұлтанға қонғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Сенбіде ресейлік Telegram-арналарында "АҚШ әуе күштерінің Boeing C-17A Globemaster III әскери ұшағы" Нұр-Сұлтанға қонды деген хабар тарады.
Смадияровтың айтуынша, ұшақтың келуі - қалыпты тәжірибе.
"Бұл ұшақ америкалық тарап пен біздің арамыздағы келісім бойынша ұшты. Ол дипломатиялық жүкті Америка елшілігіне жеткізді. Мұндай тәжірибе бар. Дипломатиялық поштаны жеткізетін барлық ұшақ АҚШ Әскери-әуе күштеріне тиесілі. Бұған дейін облыстарға, кейбір елдерге хат жеткізген. Ұшақ бір жарым сағат тұрып, поштаны түсіріп, ұшып кетті", - деді Смадияров СІМ брифингте.
Ол әлеуметтік желілердегі болжамға сенбей, тек ресми ақпаратқа сенуді сұрады.