Жұмысынан айырылған қазақстандықтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін әлеуметтік төлем мөлшері орта есеппен 13 пайызға ұлғайтылады, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ресми сайтында.
Ведомство мәліметінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылып және жұмыссыз ретінде тіркелгендер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты жұмысынан айырылу бойынша 1 айдан 6 айға дейін әлеуметтік төлемдер алады. Бұл төлем жоғалған табыстың 40 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Әлеуметтік кодекстің жобасында жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемнің мөлшерін есептеу үшін табысты алмастыру коэффициентін 40-тан 45 пайызға дейін арттыру көзделген. Нәтижесінде осы төлемдердің мөлшері орта есеппен 13 пайызғаға ұлғайтылады", - делінген министрліктің хабарламасында.
Осы ретте ведомство жұмыс берушілердің МӘСҚ-ке қызметкерлері үшін әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің белгіленген мөлшері өзгеріссіз қалатынын атап өткен.
Сонымен бірге аталған құжатта табысты жоғалту бойынша әлеуметтік тәуекелдердің барлық 6 түрі бойынша (жұмысынан айырылу; еңбекке қабілеттілігінен айырылу; асыраушысынан айырылу; жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылу; жаңа туған баланы асырап алуға байланысты табысынан айырылу; бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылу) жұмыспен қамтылған халықты міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтуды кеңейту көзделген.
Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жұмысшылардың келесі санаттарын қосу ұсынылады:
азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс алатын жеке тұлғалар; интернет-платформалар мен платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшалары арқылы қызмет көрсететін жеке тұлғалар.Бұл ретте интернет-платформа операторы жеке тұлға үшін шарт бойынша алынған табыстың 1 пайызы мөлшерінде әлеуметтік аударымдар жүргізетін болады.
Айта кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан босатылу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеп жүрген кезеңде оны қолдауға арналған.