8 тамызда Батыс Қазақстан облысының Бәйтерек ауданында бес жасар бала тоңазытқышта қайтыс болды, деп хабарлайды Zakon.kz. Полицейлердің хабарлауынша, бұл факт жазатайым оқиға ретінде тіркелген.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 8 тамызда болған.
27 жастағы әйел полицияға сол күні үш кішкентай баласы далада ойнап жүргенін айтқан. Кешке балалардың екеуі ғана үйге қайтқан.
"Әйел кенже ұлын аудан бойынша бір сағат бойы іздеген. Кейін үйінің ауласындағы істен шыққан ескі тоңазытқышты қарауды ұйғарған. Нәтижесінде тоңазытқыштан баланың денесін тапқан. Жас ана жедел жәрдем шақырғанымен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын хабарлады, – дейді БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Өлімге "асқазандағы тыныс жолдарының аспирациясынан туындаған механикалық асфиксия" себеп болған екен.
"Бұл тоңазытқышта есіктегі металл тұтқада орналасқан автоматты құлыптау жүйесі бар. Есікті итерсеңіз, құлып орнына түседі. Тоңазытқыштың тұтқасын сыртынан тартпайынша, оны ішінен аша алмайсыз, - деп қосты полиция.
2019 жылдың маусым айында Ыстықкөлде дәл осындай қайғылы оқиға болды: екі бала ескі тоңазытқышта тұншығып, қайтыс болды. 4 және 6 жастағы ағайындылар ойнап жүріп, тоңазытқышқа кіріп, есікті жауып, аша алмай қалған.