12.09.2022, 11:20

Халық наразылығы Үкіметті ақылы жолдар санын азайтуға мәжбүрледі

Елімізде "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы ақылы жолдарда көліктерден алым жинайтын ұлттық оператор болып бекітілгені мәлім.

Мамин Үкіметі I, II техникалық категориядағы барлық республикалық автожолдан ақы жинауды жоспарлаған. Бұл бизнестің де, бұқараның да ашынысын туғызды. Енді ел қаржысына жаңадан төселген барлық трассаның қанша шақырымы ақылы болатыны анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Елімізде "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы ақылы жолдарда көліктерден алым жинайтын ұлттық оператор болып бекітілгені мәлім.

"ҚазАвтоЖолдың" дерегіне жүгінсек, ел қаржысына салынған қара жолға ақы жинау кешенін орнатып, өткен-кеткен көліктердің бәрінен алым жинау өте табысты көрінеді. Нақтыласақ, ақылы жолдар арқылы жүретін көлік құралдарының саны небәрі 5 жылда бірден 4,9 есеге шарықтады: 2017 жылғы 2,7 миллионнан 2021 жылы 13,5 миллион көлікке дейін. Яғни жыл сайын екі еселеніп отырады.

Биліктің айыппұл салу түріндегі репрессивті шаралары халық пен бизнесті әлі пайдаланбаған жол үшін алдын ала ақы төлеуге көндіктірді: алдын ала төлем жасап жүретін көліктердің үлес салмағы 2017 жылғы 2,8%-дан былтырғы 2021 жылы 75,8%-ға дейін немесе 27,2 есе шығандады. Мұндай табысты бизнесті қазіргі дағдарысты заманда табу қиын.

Сондықтан бұрынғы билік мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту қағидатын сылтау етіп, осы майшелпек бизнесті әлдебір фирмаға басыбайлы тапсырмақ болды. Утилизациялық алымды бергені сияқты.

Дегенмен, Мәжілістің, қоғам белсенділерінің қарсылығы бұл істі кейінге шегере тұруға мәжбүр етті.

Жасыратыны жоқ, билік транзиті жүзеге асып, жаңа Президент келгелі, Үкімет шамалы болса да халықтың үніне құлақ аса бастады. Олай болмағанда, билік былтырдың өзінде еліміздегі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдардың басым көпшілігін (63%-ын) ақылы етіп шығатын еді. Ауыл-аймақ жұртшылығының, отандық тасымалдаушылардың қуатты қарсылығы бұған салмақты тежеу болды. Бірақ дәл "қасіретті қаңтар" оқиғалары қарсаңында, былтыр Мамин Үкіметі ақылы жолдардың үлесін 3%-дан 9,4%-ға дейін күрт арттырып үлгерді.

Атап өтетін жайт, Қазақстанда 2013 жылдан бері жалғыз ғана ақылы жол болды: ол ұзындығы 212 шақырымдық "Нұр-Сұлтан–Щучинск" автобаны. Алым жиналатын жолдарды енгізу үрдісі қаңтар оқиғалары қарсаңында үдеді. Осы кезде мемлекет халықаралық дәліздердің құрамдас бөлігі болған жаңа трассалардың құрылысын толық аяқтап, қолданысқа берген еді.

Нәтижесінде, 2019 жылғы қаңтарда республикалық маңызы бар автожолдардың 3 учаскесі, тарата айтсақ, "Нұр-Сұлтан–Теміртау" (134 км), "Алматы–Қапшағай" (42 км), "Алматы–Қорғас" (295 км) тас жолдары ақылыға айналды.

Ал 2021 жылғы 23 қарашадан бастап барлығы 7 жаңа ақылы учаске енгізілді, бұлар: "Нұр-Сұлтан–Павлодар" (375 км), "Щучинск–Көкшетау" (60,75 км), "Шымкент–Тараз" (89,3 км), "Шымкент–Қызылорда" (446,5 км), "Шымкент–Өзбекстан шекарасы" (84 км), "Талдықорған–Қонаев" (186 км), "Тараз–Қайнар" (237,5 км). Жаңадан енгізілген бұл учаскелердің бәрі 1-санатты жолдар болып табылады.

2022 жылғы жағдай бойынша жалпы көлемі 2 161 шақырым жолдағы 11 учаскеде ақы жиналуда.

2021 жылғы 12 қазанда қабылданған "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасында бекітілгендей, 2025 жылдың соңына қарай қаржылай өзін-өзі ақтайтын ақылы жолдардың үлесі республикалық желінің жалпы ұзындығының шамамен 45%-ын немесе 11 000 шақырымды құрауға тиіс. Яғни, халық наразылығының арқасында бұрынғы билік ілгерілеткен "2021 жылға қарай I, II, III санаттардағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 63%-ы ақылы болады" деген жоспар түзетіліп, алым жиналатын жолдар саны айтарлықтай қысқартылды: 63%-дан 45%-ға.

Оның үстіне бұл билікті өз пікірімен санасуға иліктірген бұқараның былтырға дейінгі жетістігі. Шенеуніктердің шегінісі жалғасатынға ұқсайды.

Жағымды жаңалықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі хабарлады.

"Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар аталған ұлттық жоба шеңберінде автожолдардың ақылы учаскелерінің ұзындығын былтыр бекітілген 11 000 шақырымнан енді 8 700 шақырымға дейін төмендету мүмкіндігін қарастыруда. Өйткені жолда ақы енгізудің бюджет үшін айқын артықшылықтары болғанымен, ол көлік құрауыштарының есебінен бизнестің шығындарының сөзсіз артуына соқтыруда. Ал бұл тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің құнына теріс әсер етіп, қымбатшылыққа қозғау болды. Осылайша, Қазақстанда инфляцияның өсуіне ықпал етті", – деп түсініктеме берді министрлік.

Сонымен қатар, Қазақстан ақылы жолдар тәжірибесінен толық бас тартпайтыны байқалып отыр. Индустрия министрлігінің байламынша, "ақылы жолдар – кең таралған әлемдік тәжірибе, сондықтан Қазақстан да одан шет қала алмайды".

Дегенмен, осының өзін қоғамның және бизнестің шағын бір жеңісі деп бағалауға болатындай.

Бірақ күрес жалғасатынға ұқсайды. Себебі, алда тарифтер көтерілуі мүмкін.

Тұтастай алғанда, 2018–2022 жылдары ақылы жолдарда төлемді өндіріп алудан түскен жалпы түсім 19,4 миллиард теңгені құрады. Индустрия министрлігінің дерегінше, осы аралықта ақы алу жүйесін (ААЖ) және жолды күтіп ұстауға кеткен жалпы шығын 18,8 миллиард теңге болыпты. Ал былтыр ақылы жолдар қатары күрт артқандықтан, биылғы 2022 жылы олардың бәрінен бір жылда ғана 22 млрд 606 млн теңге түседі деп жоспарланып отыр.

Бұл ретте барлық 11 ақылы жолда бүгінде "Kaztoll" атты фирманың ақы жинаудың электронды жүйесі қолданылады. Оған аса қомақты ақы – 2 миллиард теңгеден астам қаражат төленетіні мәлім болды.

Алда ақылы жолдарды енгізуде Жаңа Қазақстан "экономикалық орындылықтың қажетті әлеуетіне ие, неғұрлым сұранысы жоғары маршруттары бар, қозғалысы қарқынды жолдарға басымдық беретін болады". Атап айтқанда, жоғары сұранысты халықаралық дәліздер, Қытайдан және Орталық Азия елдерінен Кавказ (Әзербайжан, Грузия) арқылы Еуропаға транзитті қамтамасыз ететін ТРАСЕКА көлік дәлізі де осы қатарға жатады.

Бірақ ақылы жолдарды енгізу ісі баяулайды: 2025 жылға қарай жаңа жолдардың барлығы емес, тек 35%-ы ақылы болады.

 

Тегтер: ақылы жол