Бүгін Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев және ҚР төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіков дала өртін сөндіру кезінде күйік шалып, қаза тапқан өрт сөндіруші Айдос Тоғызбаевтың отбасына ҚР Президентінің атынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.
Сонымен қатар, 3 бөлмелі пәтердің сертификаты да берілді. Айдос Тоғызбаевтың өртпен күрес кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлық ерлігі ұмытылмайды.
"Айдос Тоғызбаевтың батылдығы мен батырлығы, қайсарлығы мен өз қызметіне адалдығы баршамызға үлгі-өнеге болып қала бермек. Антына адал, Айдос бауырымыздың бойында дәл осындай қасиеттердің болғанына осы ерлігі дәлел. Мен, Абай облысы тұрғындарының, және жеке өзімнің атымнан марқұмның жолдасына, туған туыстарына тағы бір мәрте қайғырып көңіл айтамын", - деді Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев.
Бесқарағай ауданында отбасымен бірге орман өртінің алдын алған Бесқарағай ауылының тұрғындары Жанболат пен Анаргүл Рүстемовтер отбасына алғыс хат пен тұрмыстық техника табысталды. Айта кетейік, 6 қыркүйек күні Жанболат Рүстемов отбасымен бірге жекеменшік көлігімен келе жатып, орманнан шыққан түтінді байқайды. Рүстемовтер отбасы бірден тиісті орындарға телефон шалып, отты өздері сөндіре бастады.
Канонер филиалының орман өртін сөндіру стансасы мамандары келіп жеткенге дейін, Жанболат Рүстемов, зайыбы Анаргүл Рүстемова және ұлдары Есхан Рүстемов үшеуі өртті сөндіріп үлгерген болатын. Орман шетіндегі өртті көріп, қасынан бейжай өтпей, ағаштардың қызыл жалынға оранып, бүкіл алқаптың өртенуіне жол бермеген Рүстемовтер отбасының әрекеті көпке үлгі.
Сондай-ақ Бақыршық әскери-құтқару бөлімшесінің маманы Қуат Байғазиновге облыс әкімінің алғыс хаты жолданды. Жарма ауданында болған дала өрті кезінде Қуат Байғазинов өрт сөндіруші Айдос Тоқызбаевқа жедел жәрдем мамандары келгенге дейін алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен.