$ 449.58  486.94  4.86

Елордадан Түркістанға 10 күндік марафон-бәйге басталды - Жеңімпаздар 30 миллион теңге алады

Марафоншылар 18 қыркүйегінде Тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, 29 қыркүйекте Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреуі тиіс.

Елімізде «Ұлы дала жорығы» тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны басталды. Шабандоздар елорда мен Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстарында 1200 шақырымды жүріп өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марафоншылар 18 қыркүйегінде Тәуелсіз Қазақстанның астанасы – Нұр-Сұлтан қаласынан аттанып, 29 қыркүйекте Түркі әлемінің рухани астанасы – Түркістан қаласына ат басын тіреуі тиіс. Қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасауға мүмкіндік туады.

«Алғаш рет «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі басталып отыр. Бұл еліміздің мәдени өміріндегі ерекше оқиға. Қазір Президентіміздің бастамасымен елімізде елеулі, ауқымды өзгерістер болып жатыр. Біз Әділетті Қазақстанға бастайтын жолдың бастауында тұрмыз. Бүгінгі жорықтың осындай тарихи кезеңмен тұспа-тұс келуінің үлкен символикалық мәні бар деп есептеймін. Бүгінгі бәйгені ұйымдастырушылардың бірі – Amanat партиясы. Сол Amanat партиясы атынан баршаңызға сәттілік тілеймін. Біздің ұлан-ғайыр жеріміз бар, сол кең-байтақ жерді кесіп өту – жігіттің жігітінің ғана қолынан келеді және аттың аты ғана шыдайтын ұзақ жол. Сондықтан жорыққанда жолдарыңыз болсын! Қасиетті киелі Түркістан шаһарында аман-сау кездесейік», - деді Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов марафонның ашылу салтанатында.

Марафон-бәйгеге Қазақстанның барлық өңірінен 20 команда қатысады. Оның құрамында кәсіпқой шабандоздар да, әуесқойлар да болуы мүмкін.Әр команда құрамында 5 шабандоз (капитан, ветеринар, екі атбегі және маршрутқа жауапты адам) және 10 жылқы бар (әр шабандоз 1 рет ат ауыстыра алады).

«Құрметті халайық! Бүгін баршамыз Ұлы даламызды дүбірге бөлейтін айтулы аламанның куәсі болайын деп тұрмыз. Жорыққа тас-түйін дайын жігіттерге айтарымыз, сендер бүгін тұлпар тұяғымен жаңа тарихты жазайын деп тұрсыңдар. «Ұлы дала жорығы» жай ғана марафон емес, бұл – намыстың додасы, төзім мен жігер, қайрат пен мінез сынға түсетін аламан. 1200 шақырымға төзіп беретін тақым, төтеп беретін тұлпар жоқ деген пікірлер айтылды. Бірақ, батыр бабаларымыз Алтайдан Анадолыға дейінгі аралықты ат үстінде жүріп жаулады. Сендер бүгін сол баһадүр бабалардың даңқты мұрагерлері ретінде осы додада атқа қонып тұрсыңдар. Сананы жаңғыртатын, рухты оятатын «Ұлы дала жорығына» баршамыз жанкүйерміз», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Әр кезеңнің ұзындығы – 100 шақырым және онда сөре, бақылау бекеті, мәре белгіленген. Тұтас қашықтықты бастан-аяқ ең аз уақытта жүріп өткен команда марафонның жеңімпазы деп танылады. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар мен «Ұлы Дала Сарбазы» атағы беріледі.

1-орын үшін жүлде қоры – 30 000 000 теңге мен Кубок болса, 2-орынға – 20 000 000 теңге мен Кубок және 3-орын үшін – 15 000 000 теңге мен Кубок әзірленген. Жүлде қоры команда Түркістан қаласындағы мәреге толық құраммен (5 адам) жеткен жағдайда ғана толық төленеді.

Бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аламаншыларды құттықтау хатын оқып берген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары