Әлеуметтік желіде қала күніне жиналған халықтың тегін таратылып жатқан тамаққа таласып жатқан видеосы тарады, деп хабарлайды Экспресс К.
17 қыркүйек күні Қызылордада қала күніне орай аспаздар арасында сайыс өтті. Аспаздар пісірген 40 қазан палау шара соңында жиналған халыққа таратылды.
Желіге тараған бейнежазбадан халықтың жан-жақтан қаумалап, таратылып жатқан тамаққа таласып жатқанын көруге болады.
"Не деген жабайылық", "Қызылорда халқы аш па?", "Ашкөздік қой", "Ұят екен", "Бұлай тегін ешнәрсе таратпай-ақ қойыңдаршы", "Итке сүйек лақтырғандай", "Масқара", — деп жазды видеоны көрген желі қолданушылары.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, "Сыр ана" монументінің алаңында 10 мыңнан аса тұрғынның қатысуымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.