Мүфтият бірнеше күннен бері дау болып жатқан Мәһір мәселесіне қатысты түсініктеме берді. Жалпы мәһір мөлшері қызды ренжітетіндей аз немесе күйеуді қарызға батыратындай көп болмауы тиіс, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Діни басқарма өкілі Ағабек Қоңырбай әлеуметтік желіде талқыланып жатқан мәселенің ең алдымен қыз тәрбиесін жіберіп алғанымыздың бір көрінісі екені айтқан. Сонымен қатар жігіттің өз эмоциясын басқара алмауы жатыр. Әйтпесе, имамдар неке қию рәсімінде мәһір сұраған кезде жігіттің жағдайын ескеру қажеттігін айтып-ақ келеді.
Мүфтияттың мәһір мөлшеріне қатысты пәтуасы 2018 жылы қабылданыпты. بــــسم الله الرّحـمن الرّحـيم Аса мейірімді, ерекше рақымды Алланың атымен бастаймын. الحمد لله ربّ العالـمين و الصّلاة و السّلام على خير خلقه مـحمّدٍ و آله و أصحابه أجـمعين Барша мадақ атаулы әлемдердің Раббысы Аллаға тән. Адамзаттың асылы Мұхаммедке, оның отбасы мен барша сахабаларына салауат пен сәлем болғай! Мәһір – әйел затының неке қияр алдында күйеуінен талап етуге құқылы шариғат белгілеген ақысы. Алла Тағала: ﴿ وَآتُوا النِّسَاءَ صَدُقَاتِـهِنَّ نـِحْلَةًۚ ﴾ «Үйленетін әйелдеріңе мәһірлерін шын көңілден тарту етіңдер ...»[1], – деп бұйырады. Шариғат бойынша мәһір беру – уәжіп. Бірақ, ол некенің шартына кірмейді, яғни мәһір берілмей қиылған неке дұрыс болып саналады. Ханафи мазһабы бойынша, мәһірдің ең аз мөлшері – 10 дирхам. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): لَا مَهْرَ أَقَلَّ مِنْ عَشرَةَ دَرَاهِمَ «Он дирхамнан азы мәһір емес»[2], – деген. Сахабалар өмір сүрген араб халифаты заманында 10 дирхам бір алтын динарға тең болған. Ал бір динардың салмағы 4,25 граммды құраған[3]. Мәһірдің құны аталмыш мөлшерден төмен белгіленген жағдайда, оны 10 дирхамға толтыру керек. Ол ақшалай немесе заттай берілуі мүмкін. Мәһірдің жоғарғы шегі жоқ, оған ғалымдар мына аятты дәлелге алады: ﴿ وَإِنْ أَرَدتُّمُ اسْتِبْدَالَ زَوْجٍ مَّكَانَ زَوْجٍ وَآتَيْتُمْ إِحْدَاهُنَّ قِنطَاراً فَلاَ تَأْخُذُواْ مِنْهُ شَيْئاً أَتَأْخُذُونَهُ بُهْتَاناً وَإِثْماً مُّبِيناً ﴾ «Егер әйелдеріңмен ажырасып, орнына басқа әйел алып төсек жаңғыртуды қаласаңдар, ажырасқан әйелдеріңе кезінде үйіп-төгіп мәһір берген болсаңдар да, одан бір сабақ жіп дағы алмаңдар. Әлде, оны қайтарып алу үшін (әйелдеріңе зина жасады деп) жала жауып, көрер көзге күнә арқаламақсыңдар ма?»[4]. Аяттағы «қинтар» деп аударылған сөз көп, мол, шексіз дегенді білдіреді. Алайда мәһірдің мөлшерін ер азаматтың материалдық деңгейіне қарап, отбасының әлеуметтік жағдайын ескерген жөн. Өйткені мәһір күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала (мәһір муғажжәл) беріп, қалғанын кейін (мәһір муәжжәл) бере алады. Неке қиғаннан кейін жыныстық қатынастың болу¬¬, болмауына және неке ақысының белгілену, белгіленбеуіне қарай мәһірдің мөлшері өзгешеленеді. Мөлшеріне қарай мәһір 4 түрге бөлінеді. Олар: 1. Мәһір мөлшері нақты белгіленіп, ерлі-зайыптылар шымылдықта оңаша (хилуат* сахиха) қалса, сондай-ақ, белгіленген мәһір мөлшері берілмей тұрып, күйеуі яки әйелі қайтыс болса, белгіленген мәһір толық беріледі. Оған Құран Кәрімнің мына аяты дәлел: ﴿ وَ كَيْفَ تَأْخُذُونَهُ وَقَدْ أَفْضَىٰ بَعْضُكُمْ إِلَىٰ بَعْضٍ وَ أَخَذْنَ مِنكُم مِّيثَاقًا غَلِيظًا ﴾ «Расында, сендер бір төсекте қосылып, бір-біріңмен соншалық жақындастыңдар һәм (некелескенде) әйелдерің сендерден (құқығын аяқ-асты етпеуге қатысты) берік уәде алған еді. Ендеше, берген сыйларыңды қалай қайтарып алмақсыңдар?»[5]. Сонымен қатар, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалыңдығының орамалын шешкен және оған қарағанға, ерлі-зайыптық қатынаста болсын, болмасын, мәһірді беруі – уәжіп»[6], – деген 2. Мәһір мөлшері нақты белгіленіп, шымылдыққа кірмей тұрып, ажырасатын болса, белгіленген мәһірдің жартысын беруі – міндет. Өйткені, Алла Тағала: ﴿ وَإِن طَلَّقْتُمُوهُنَّ مِن قَبْلِ أَن تَمَسُّوهُنَّ وَ قَدْ فَرَضْتُمْ لَهُنَّ فَرِيضَةً فَنِصْفُ مَا فَرَضْتُمْ إِلَّا أَن يَعْفُونَ أَوْ يَعْفُوَ الَّذِي بِيَدِهِ عُقْدَةُ النِّكَاحِ ۚ ﴾ «Ал егер (некелескен) әйелдеріңді мүлдем жақындаспай тұрып, алайда мәһірді белгілеп қойғаннан кейін талақ етсеңдер, онда аталған мәһірдің тең жартысын берулерің керек. Егер олар өздеріне тиесілі мәһірді кешсе, бермесеңдер де болады. Я болмаса, неке шарты (яғни некенің тізгіні) қолында болған күйеу мәрттік танытып, атаған мәһірді толық берсе, оның жөні бөлек»[7], деп бұйырған 3. Мәһірі белгіленбеген әйел күйеуімен шымылдықта оңаша қалса, мәһір-мисл беріледі. Мәһір-мисл деп қыздың әке жағынан туыстары арасында өзіне тең келер әйелдерге берілетін сыйлық мөлшеріне айтылады. Оны анықтағанда әйелдердің жасы, сұлулығы, мал-дүниесі, ақыл-ойы, білімі, діндарлығы, өмір сүріп жатқан жері мен уақыты ескеріледі. Мысалы, қыз бен тұл әйелдің мәһірі екі түрлі болады. Сахаба Абдулла ибн Масғуд (оған Алла разы болсын) осы мәселеге қатысты былай жауап берген: قَالَ ابْنُ مَسْعُودٍ : لَهَا مِثْلُ صَدَاقِ نِسَائِهَا لا وَكْسَ وَلا شَطَطَ «Әйелге өзінің (әке жағынан) жақын туыстарына (қыздың әпке-сіңлілеріне және олардың қыздарына) берілгендей мәһір беріледі, одан азайтылмайды һәм арттырылмайды»[8] 4. Күйеуі мәһірі белгіленбеген немесе мәһірден бас тартқан әйеліне жақындаспай тұрып, талақ беретін болса, онда мүмкіндігіне қарай қалыңдыққа белгілі сыйлық беріледі. Бұл жайында Құран Кәрімде былай баяндалады: ﴿ لَا جُنَاحَ عَلَيْكُمْ إِنْ طَلَّقْتُمُ النِّسَاءَ مَا لَمْ تَمَسُّوهُنَّ أَوْ تَفْرِضُوا لَهُنَّ فَرِيضَةً وَ مَتِّعُوهُنَّ عَلَى الْمُوسِعِ قَدَرُهُ وَ عَلَى الْمُقْتِرِ قَدَرُهُ مَتَاعًا بِالْمَعْرُوفِ حَقًّا عَلَى الْمُحْسِنِينَ ﴾ «Егер (некелескен) әйелдеріңмен жақындаспай тұрып немесе мәһірді белгілеместен бұрын талақ айтып ажырасатын болсаңдар, күнә арқаламайсыңдар. Бірақ, оларға дүние беріп көңілдерін аулаңдар. Бай жағдайына қарай, кедей де шамасына қарай шариғат және дәстүрге сай лайықты дүниесін беріп, көңілін ауласын. Бұл ізгі жандардың мойнындағы борыш»[9]. Ханафи мазхабында мұндай сыйлықтың мөлшері мәһір-мислдың жартысынан аспауы, бес дирһамнан кем болмауы керек[10]. ҮКІМ 1. Мәһір – қалыңдықтың ақысы. Келісілген мәһірді бермеу – күнә 2. Мәһір ақшалай немесе заттай беріледі. Оның сипаты мен мөлшері анық көрсетілуі керек 3. Мәһірдің ең аз мөлшері 10 дирхам, яғни 4,25 гр алтын[11] немесе оның құнына тең болуы тиіс. Жоғарысының шегі жоқ, бірақ оны екі жақтың жағдайына қарап белгілеген орынды 4. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады.